Адасқан сәбиді тауып берді
Әріптесіміз, "Қостанай таңы" газетінің тілшісі Қыдырбек Қиысхан қараусыз қалған сәбиді тауып алып, ата-анасына тапсырды. Бұл туралы ЭК тілшісі жазды.
Қыдырбек Қиысхан Юбилейный ауылының тұсынан өтіп бара жатып, айдалада жалғыз жүрген баланы байқап қалады. Бүлдіршін көліктер ағылып жатқан тас жолға өрмелеп бара жатыпты. Ол қатердің алдын алып, баланы ұстап үлгіреді. Тілі әлі шықпаған сәби аты-жөнін де айта алмаған.
"Бірден Рудный қалалық полиция бөліміне хабарластым. Олар Бейімбет Майлин ауданына сілтеді. Юбилейний ауылы әкімшілік-аумақтық бөлініс жағынан Бейімбет Майлин ауылына қарағанмен, дәл Рудный қаласының түбінде орналасқан. Сол үшін жолымнан қалсам да, өз бетімше әрекет етіп, іргедегі елді мекенді араладым. Ақыры таптым. Ата-анасы шарқ ұрып іздеп жүр екен. Дін аман екенін көргенде қатты қуанды", — дейді ол.
Қыдырбек Қиысхан полиция бөлімдерінің салғырттығына қынжылады.
Аяғын енді ғана апыл-тапыл баса бастаған баланың ауылдан тым аулаққа (екі-үш шақырымдай) қалай барып қалғанын ешкім білмейді. Сәбиінен көз жазып қалған ата-анасы полицияға хабарласпастан, өз беттерінше іздеген көрінеді.
Ал, Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметі осы оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатқанын хабарлады.
Суреттерде: сәби табылған ауыл; әріптесіміз Қыдырбек Қиысхан