Тауар нарығында жағдай тұрақты
Өңірлік коммуникация қызметінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Сәмен Дастан сала қызметі туралы брифинг берді. Ол 2020 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Президентке тікелей есеп беретін бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі жаңа агенттік құрылғаны жайында айтты. Агенттіктің негізгі міндеті – бәсекеге қабілетті орта құру. Бұл экономиканы мемлекет иелігінен алуды, бәсекелестік өрісті өзгертуді, барлық кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндіктер жасауды, нарықтарды монополияландыруды тоқтатуды қарастыру.
–Біздің Департамент Қостанай облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық бөлімшесі бәсекелестіктің жай-күйі мен дамуын зерделеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізеді. Департаменттің негізгі міндеттерінің бірі – облыстың тауар нарығындағы кедергілерді жою. Пандемияға байланысты өткен жыл бәріміз үшін қиын болғаны рас. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар мен қорғаныс құралдары бағасының күрт өсті. Талдау қорытындысы бойынша монополияға қарсы заңнама белгілерінің бұзылуын жою туралы 83 хабарлама шығарылды. Қаланың дәріханаларының негізгі желілерімен монополияға қарсы комплаенске қол қойылды, соның арқасында медициналық маскалардың бағасы 50 теңгеден 25 теңгеге дейін төмендетілді. Сондай-ақ, ковид-19-ға ПТР тестілеу бағасы 12 мың теңгеден 7,5 мың теңгеге дейін төмендетілді. Айта кету керек, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баға реттеушісі болып табылмайды және тиісті тауар нарығында үстем не монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерімен ғана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Департамент бөлшек сауда, күнбағыс майы, қант және т.б. нарығында талдау жүргізуде. Мемлекет басшысының құрылыс материалдары бағасының өсуін тежеу бойынша жедел шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасы аясында құрылыс материалдары нарықтарын талдау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Биыл біз 14 тауар нарығын талдауды аяқтадық, 18-і жұмыс барысында, – деді департамент басшысы Дастан Сәмен.
Сонымен қатар, департамент монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын қадағалайды. Олар анықталған жағдайда компанияларға хабарлама жіберіліп, әкімшілік істер қозғалады және монополиялық табыс тәркіленеді.
Әсел ҚИБАШ