Сауда орталықтарын тексеру тапсырылды
Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарының өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Назар аударатын тағы бір мәселе, Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы жағдай барлықтарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, көп адам қаза тапты, 60-тан аса. Оның 35-і балалар. Біздің Елбасымыз ресми түрде Ресей басшысына көңіл айтты. Бізде бұл төтеше оқиғадан сабақ алуымыз қажет», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Оның дерегінше, қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде жоғары деңгейде талқыланып жатыр. Блогерлер өз бастамаларымен сауда орталықтарына барып, апатты есіктердің жабық, ашық екенін тексеруде.
«Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шаралар қолдануы қажет. Асқар Ұзақбайұлы (ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Мамин) сіздің бақылауыңызда», – деді Бақытжан Сағынтаев.