Қос өмірді құтқарды

Рудный қаласында патрульдік полиция қызметкерлері есінен танып қалған жүкті әйелге көмек көрсетті, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
7 тамызда Рудный қаласының орталық көшесін патрульдеу кезінде взвод командирі, полиция капитаны Мақсұт Досыбаев және оның серіктесі полиция лейтенанты Олжас Батырханов автобус аялдамасында жерде ес-түссіз жатқан әйелді байқайды. Оған көмек көрсету кезінде тәртіп сақшылары келіншектің аяғы ауыр екенін әрі ай-күні таяп жүргенін байқаған.
– Біз жедел жәрдем шақырдық, бірақ тартынуға болмайды. Бұл жағдайда бірден екі өмірге қауіп төнетіні түсінікті. Сондықтан оны перзентханаға жеткізу туралы шешім қабылдадық. Жол бойында біз кезекші бөліммен байланысқа шықтық. Жедел науқастың ауруханаға жеткізілетіні туралы хабарлама жіберілді, – дейді Мақсұт Досыбаев.
Жүкті әйел ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Дәрігерлердің айтуынша, ол сол күні аптап ыстық салдарынан есінен танып қалған. Ауруханаға уақтылы жеткізілмегенде соңы немен аяқталары айтпаса да түсінікті.
36 жастағы Индира Әміреева полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі және ең бастысы баласын құтқарғаны үшін алғысын білдірді.
Департаменттің баспасөз қызметі аталған тәртіп сақшылары төтенше жағдайларда бірнеше рет көмек көрсетіп келе жатқанын айтады. Өткен жылы дәл осы патрульдік жасақ түнде болған өрттен көп қабатты үйдің тұрғындарын құтқарды. Бұдан бөлек, патрульдеу кезінде пәтерден шыққан түтінді байқап, шұғыл түрде тұрғындарды эвакуациялаған болатын.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓