Газетіміздің фототілшілері марапатталды
Әр әйел өзінше әдемі. Осы сұлулықты көре білген фотосуретшілер арасында «Әйелдің қалыптасуы» атты фотоконкурс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Олардың арасында “Қостанай таңы” газетінің екі бірдей фототілшісі Айбек Жүзбай мен Бағдат Ахметбеков бар. Айбек екінші орыннан көрінсе, Бағдат алғыс хат алды.
Қаламыздағы картина галереясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне үлес қосқан әйелдерге арналған «Әйелдің қалыптасуы» атты фотоконкурстың қорытындысын өткізді. Фотоконкурс Қостанай облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 пайдалы іс» республикалық акциясы аясында өткізіліп отыр.Көрмеге ұсынылған жұмыстардың басты кейіпкерлері – қостанайлық әйелдер, олардың бейнелері. Басты тақырп та әйелдің қалыптасуы, образы. Егемен Қазақстанның патриоттарын символды түрде бейнеленіп, олар өздерінің қажырлы еңбектері, кәсіби және шығармашылық жетістіктерімен туған жердің даңқын асқақтаттқан жандар. Олар атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева, халыққа білім беру ісінің ардагері Мәдина Байдәулетқызы Бисенғалиева, Жітіқара мәслихатының депутаты Гүлсара Жаманқұлова, қостанайлық танымал мүсінші Баян Баталова, ҚР халықаралық санаттағы спорт шебері Анастасия Белялова, «Алтын белгі» иегері Айжан Рахматуллина және тағы басқалар.
Олардың қатарында кәсіби фотосуретшілер, жергілікті газеттердің фототілшілері, сондай-ақ әуесқой фотосуретшілер де бар. Олардың барлығы да көп жылдар бойы шығармашылық жұмыстармен айналысып жүрген, көптеген халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық көрмелердің және байқаулардың қатысушылары.
Үздік фотожұмыстарын білікті әділқазылар бағалап, бағасын берді. Конкурс дипломанттары бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Бірінші орыннан Мұхтар Сибанбаев көрінсе, екінші орынды Айбек Жүзбай иеленді.
Ермұрат Бекмұхамедов, Игорь Вальтер, Николай Кудинов, Мұхтар Сибанбаев, Георгий Шаповалов, Сергей Фельдмен, Айбек Жүзбай, Бағдат Ахметбеков, Василлий Васильев, ерлі-зайыпты Николай және Любовь Савченколар сияқты қатысушылардың үздік жұмыстарының көрмесі залға ілінген. Оларға көрермен қауым бағасын беріп жатты.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА