КӨК БАЗАРДА БӘРІ БАР, бірақ сапасы қандай?
Біз көбінесе көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдерін сатып алған кезде қашан шығарылғанына қарап аламыз. Жаңа ғана саудаға қойылған тағам арасында, әсіресе, жеміс өнімінің дәмі жақсы болғанымен, оның құрамына, қайдан келгеніне көп мән бермейміз. Себебі, ерте көктемде пісетін өнімдердің аз ғана бөлігі жергілікті жылыжайларда өсірілсе, көп бөлігі еліміздің оңтүстік аймақтарынан немесе күнгей көршілерден жеткізіледі.
Мамыр айының 12-нен бастап облысымыздың барлық қалалары мен аудандарының сауда орталықтарында тұрғындардың сатып алған жеміс-жидек, көкөніс, сүт, кондитерлік өнімдерін тегін зертханалық сараптамадан өткізуге мүмкіндік болатын акция басталды. 13 және 15 мамыр күндері "Тағам сапасы – деннің саулығы" атауына ие болған шара Қостанайдағы орталық базарда өтті. Қостанай қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы ұйымдастырған акцияның мақсаты – халық арасында сатып алған өнімдерінің сапасы жайында ұдайы ескеріп жүруін хабардар ету.
– Акция күндері тұтынушылардың сатып алған тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін зертхана қызметінің мамандары жедел сараптамалық әдіспен тексеріп береді. Бұл шара 20 мамырда "Дастархан", 22 мамырда "Береке" сауда орталықтарында, 27 және 29 мамырда "ОРТ" көтерме базарында жалғасады, – деді Қостанай қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бас маманы С.Жукова.
Дегенмен орталық базарда жүріп, халықтың сатып алған азық-түлігін зертханаға апарып, тексертіп жатқан белсенділігін байқамадық. Жол-жөнекей сауда жасап жүрген екі адамға осындай акцияның барын айтып едік, біреуі "оны тексертуге уақытым кетіп қалады" десе, екіншісі, "бұл жерден үнемі тағам сатып алып жүрміз, оның сапасына күмән келтірмейміз" деді. "Сақтықта қорлық жоқ" дейді, жалпы мұндай шарадан шет қалмай, ағзамыздың қандай ас қабылдап жатқанын біліп жүргеніміз артық болмайды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.