Арақатынастың күретамыры
Таяуда тұтас Қазақ елі көлемінде де, өзіміздің Қостанай қаласында да Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіміздің 69 жылдығын атап өттік. Солардың қатарында сонау сұрапыл соғыста Қызыл тулы атқыштар полкінің құрамында Беларусь майданының пулеметшісі болып шайқасқан Сайын Есболатұлы ақсақал да бар. Жыл сайынғы Жеңіс мерекесіне арналған салтанаттан оралған Сайын ағайдың үйінде осы күні де дастарқан жайылып, ағайын-туыс молынан жиналады. Қостанайдың Жітіқара өңірінен, сонау Ресейдің Челябі, Орынбор облыстарынан, Алматыдан туыстар, құда-жекжат қалмай келеді. Қайсыбірі автокөлікпен шекарадан өтіп, екіншілері поездан поезға ауысып мініп, әйтеуір жетеді. Мейрам өткен соң әңгіме-дүкен құрылып, әр жерден келген ағайын тұр-мыс, тіршілік жайлы да әңгіме өрбітеді. Солардың қатарында, бүгінгі күні олар үшін өзекті мәселеге айналған теміржол қатынасы болып отыр. Челябі, Орынбор жағынан келетіндер үшін бұл мәселе күрделі.
"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" мынандай: – Біз "Қостанай таңы" газетінің 13 мамыр күнгі "Оқырманнан көмек керек" деген "Бас редактор әлемі" айдарында жарияланған мақаладағы жанашыр азамат Бекқұл Садықов қозғап, аталмыш газеттің бас редакторы өзекті мәселе ретінде қолдап отырған ұсынысты құптаймыз. Бұл мақала ағайын-туыстар атынан олардың өзегін өртеген үлкен проблеманың жаң-ғырығы. Жүріп жатқан поездарға қосымша вагондар тіркеу мәселесін шешу бүкіл әлемге "Мәңгілік ел" деп аталатын алып мақсат қойып отырған Қазақ елі үшін күрделі мәселе емес сияқты. Сонау ел басына күн түскен аласапыран заманда біраз ағайынымыз алшақ кетіп, жан сақтап алыста қалғаны, өз еліміздегі жерлестерімізге де ортақ мәселе деп ойлаймыз. Осы жолдардың авторы мен де заман ағымына орай, Ресей жеріне өтіп кеткендердің отбасында дүниеге келіп, кейін өз Отанын, елін, жерін аңсап оралғандардың бірімін. Ал бірақ, басқа елді мекендеп, балалы-шағалы болып, өз шаруасын дөңгелетіп отырған ағайындардың бәрі бірдей Қазақстанға орала алмайды ғой. Сондықтан, теміржол қатынасы туралы кө-теріп отырған мәселеге жоғарыдағылар көңіл бөлер деген үміт бар. Осы орайда, ертең-ақ үш алып мемлекет: Қазақстан, Ресей, Беларусь арасында одақтас-тық туралы келісімге қол қойылғалы отыр емес пе? Ал, біз көтерген теміржол қатынасы жөніндегі мәселе – халықтар достығын дамытудың бірде бір кепілі деуге лайық.
Ғ.Бердалинова.