Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі ахуалға, сондай-ақ елдегі қазіргі жағдайға байланысты тағы да өз үндеуін жариялады. Онда мемлекет басшысы елімізде жарияланған карантин режимінің 11 мамырға дейін ұзартылатындығын мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде карантин режимін жеңілдетуге рұқсат берілгенмен, ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханалар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра беретіндігін айтты. Бұл дұрыс шешім. Себебі, адамдар көп шоғырланған сайын, ауру жұқтырудың қаупі де жоғары болмақ. Расында да, әлем болып арпалысып жатқан бұл індетке жеңіл-желпі қарауға болмайды. Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет. Президент айтқандай, карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз. Сондай-ақ, мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуді, оны халықаралық стандартқа сәйкес тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажеттігін, осыған орай Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырды. Өз басым мұны да дұрыс шешім деп қабылдаймын. Осы орайда, қазір еліміздің емханаларында жедел респираторлық вирусты инфекциямен, пневмония сияқты аурулармен жүгінген науқастарды жаппай тестілеуден өткізу жүріп жатыр. Бұдан қорқып-үркудің қажеті жоқ, керісінше бұл коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары осындай топтарды жаппай тестілеу арқылы аурудың нақты ошақтарын анықтап, індетті ауыздықтауға септігін тигізеді. “Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі” деген Президентіміз үкіметке Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге қаржылай қолдау көрсетіліп жатқандығын, денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көрсету үшін шаралар қабылдап жатқандығын алға тартты.
Сөздің түйіні, Президент өз үндеуінде дүниежүзіне ауыртпалық түсірген індетті біздің халқымыздың да жеңіп шығатындығын айтты. Ол үшін, “тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” демекші, әрбір азамат осындай қиын кезеңде шыдамдылық танытып, жағдайға түсіністікпен қарап, бүгінгі індеттің алдын алуға бағытталған талаптарға бағына білсе екен дейміз.
Манарбек АХМЕТОВ
Қостанай қалалық №3 емханасының бас дәрігері