…Ешкінің сүті – ем

         Сексен жастағы Сәулима Ахметованың  өнегелі ісі – көпке үлгі. Қалада тұратын зейнеткер ала жаздай сүт, айран, құрт-ірімшік іздеп дүкен аралап көрген емес. Қолындағы он шақты ешкісі жыл он екі ай ермек. Жаздың күні қаймақ-майын айыра қояды. Қыста  жылы қорада ұстап, жем-суын уақытылы беріп отырады.IMG_9462
        Бұл кісі әр ешкінің жайын жақсы біледі. Біріне тәтті ұсынып, енді біріне өз қолымен нан беруі күндегі әдеті. Көк шыға қала сыртына бір мезгіл жайып келеді. Мен малсыз отыра алмаймын дейді әжей, әңгіме арасында. Сондықтан, ауылдан көшер кезде ешкілерін өзімен кірге ала келіпті. Қазір ешкілері түгел лақтады.
       Самайын әлдеқашан аққырау шалған қария әлі тың, қимылы ширақ.IMG_9418
       -Осының  бәрі тынымсыз еңбек, таза тағамның арқасы, – дейді Сәулима Нұрахметқызы. – Не нәрсеге де адам өзі ынта-шынтасымен кірісуі керек.  Мал ұстаймын деген жанға  уақыт жеткілікті ғой. Келіндер кішкене ертерек тұрып,  кешірек жатса, бәрі де болады. Ешкі малы өсімтал, тез көбейеді.
       Бұл кісі  ешкілерін күніне екі рет сауып алады. Олардың әрқайсысы 1,5-2 литрден сүт бергеннің өзінде  күніне 1 шелек сүт алады. Мал баққанның аузы асқа тиетіндігін, адал еңбек түпкі мақсатқа жеткізетіндігін көпті көрген кәрия  ұрпақтарына ұдайы айтып отырады. Кейінгі буын ата кәсіптен қол үзіп қалмаса екен деп тілейді. Тірлігі төрт түлікпен біте қайнасқан халқымыздың жылдар бойғы жиған тәжірибесі – табыстың қайнар көзі  іспетті.IMG_9477
        «Жалпы, ешкі сүті – биологиялық құндылыққа, дәрумендерге өте  бай. Оның құрамындағы бета-казиннің көптігі оның ана сүтіне жақындығын көрсетеді. Ешкі сүтінде аллергиялық реакция­лар тудыратын ақуыз жоқ. Сондықтан аллергиясы бар балаларға ешкі сүті — таптыр­мас ем. Әсіресе, асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезге пайдасы мол. Тоқсан тоғыз ауруға ем»,-дейді мамандар. Мұны өмірден түйгені мол Сәулима апа да жақсы біледі. Бір жолы баласы сырқаттанып қалған кісілер ешкі сүтін алыпты. Кейін науқасы дертінен құлан-таза айығып кеткен екен. IMG_9499
      Әсілі, мал шаруашылығын дөңгелентіп отырған  ағайын Сәулима Нұрахметқызындай  ешкі малын көбірек өсірсе кәнекей?!
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓