Әкім болам десеңіз…
Еліміздегі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың әкімдерін сайлауға әзірлік біздің өңірімізде де қызу жүріп жатыр. Ауылдық деңгейдегі әкім орынтағынан үміткер 160 адам саяси додаға түсуге өтінім білдірген болса, олардың 138-інің құжаты талапқа сай. 10 өтінім қабылданбаған, бесеуі мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан кері қайтарылса, тағы төртеуі өтініштерінен бас тартыпты, бір үміткер арнайы тексеру қорытындысынан өтпей қалған. Осы және алдағы саяси дода жөнінде өңірлік коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко баяндады.
– Тіркеу процесінен әлі өтпеген 12 үміткер құжаттарын жинау үстінде. Белгілі болғандай, партиядан үміткер болмағандар, олардың көпшілігі басқалармен қатар, оған дауыс беруге дайын адамдардың тізімін ұсынуы керек. Мұндай ауылдық округте немесе жаңа әкім баратын ауылда 1%-дан кем болмауы тиіс. Дауыстар қол қою парақтары арқылы жиналады. Соттылығы өтелмеген, басқа да жағымсыз өмірбаяны барлар сайлауға түсе алмайды. Бір адам нақты жалғыз ауылды басқаруға үміткер бола алады, бірнеше елді мекенге өтініш бере алмайды. Кандидаттарды тіркеу 14 шілде күні сағат 18.00-де аяқталады. Әрі қарай үгіт-насихат науқаны басталады, – деді А.Малашко.
Қазір аймағымыздың саяси партиялары атынан ауылдық деңгейдегі әкімдер сайлауына 65 үміткер түсуге ниетті. Ал тіркелген кандидаттардың басым көпшілігі өзі тұрып отырған елді мекен атынан саяси додаға қатыспақшы. Кандидат бір елді мекенге екі реттен артық сайлана алмайды. Қазіргі уақытта өзі әкім болып отырған село мен селолық округ атынан қайтара сайлауға түсуге 51 адам ниет білдіріп отыр.
Айта кетейік, саяси додаға өтінім білдірген кандидат жергілікті атқарушы орган есебіне бір реттік ең төменгі жалақы (42500 теңге) мөлшерінде жарна төлеуге міндетті.