Сібір жарасын жұқтырған

Денисов ауданында үш адам сібір жарасын жұқтырды. Науқастар қазір облыс орталығындағы жұқпалы аурулар стационарында емделіп жатыр. Жара оларға малдан жұққан.
фото: ашық дереккөз
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламада ірі шаруашылықтардың бірінде мал шығыны да бар екені айтылған. Эпидемиологтар мен мал дәрігерлері сібір жарасы қоздырғышының себебін білді. Алайда, инфекция көзі әзірге анықталған жоқ.
«Қазір жараны жұқтыру ошағында эпидемияға қарсы және эпизоотияға қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Індетке қатысы бар адамдар бактерияға қарсы ем алады, содан кейін олар сібір жарасына қарсы вакцинамен егіледі», – деп атап өтті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар бөлімінің басшысы Л.Налобина.
Оның мәлімдеуінше, көбіне инфекция көзі болатын орындар – тыйым салынғанына қарамастан, жайылымға айналған ескі сібір жарасы көмінділері.
«Алайда, ауру тіркелген фермада мұндай жерлеу орындары жоқ. Мұның себебі аптап ыстықтан туындаған құрғақшылықтың кесірі деген болжамымыз бар. Өрісте жайылған мал шағын шөпті тамырымен жұлып жегенде топырақта қалған сібір жарасын жұқтыруы мүмкін», – дейді департамент өкілі.
Сібір жарасының инкубациялық кезеңі – 14 күн. Алғашқы белгілері: әлсіздік, дене қызуы, бас және бұлшықет ауруы. Ең көп таралған түрі – тері ауруы. Жараның өршуі терінің қызаруынан басталады. Содан кейін қанталаған көпіршік пайда болады. Көпіршік жарылып, тән қара көмір түсті түбі бар жараға айналады.
Қостанай облысында сібір жарасымен ауырған жануарлар көмілген орындар саны – 308. Олардың бәрі биік бетон дуалмен қоршалған, «сібір жарасы» деген ескерту жазуы бар. Сондықтан, департамент мамандары барынша сақ болуды, тексеруден өткен мал өнімдерін пайдалануды ескертеді.
Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓