Қазақстан. Тәуелсіздік. Елбасы
Осы үш киелі ұғымды естігенде толғанбайтын жан, туламайтын, жырламайтын жүрек жоқ. «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деген өсиет тектен-текке айтылмаса керек! Осыдан отыз жыл бұрын елімізде екі ұлы тарихи оқиға болды. Әуелі әлемдік саясатта жаңа есім пайда болып, халқымыз өзінің жаңа көшбасшысын сайлады. Ал екі аптаның ішінде ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қолымызды жеткіздік. Бұл екі оқиға да халқымыздың мерейін үстем етіп, арқадан ауыр жүкті түсіргендей болды. Осы айтулы екі күннің бір айда, бір кезеңде орын алуы тегіннен тегін емес. Ол – ел тірегіне айналған Елбасымыз бен рухани құндылығымызға баланатын тәуелсіздігіміздің егіз ұғым екенінің айғағы. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастыратын ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте егемен еліміздің негізін қалаудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені айдан анық! Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Елбасы – барша қазақстандықтар мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған кемеңгер тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді басқарған уақыт – тарихи оқиғаларға толы кезең саналады. Қазақстан барлық елдермен достық қатынасын нығайтты, еліміздің экономикасы, мәдениеті, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілді. Қазақстанда ұлттық валюта – теңге іске асырылды, еліміздің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Елбасының тапсырмасымен Ұлттық банк төмен инфляцияны қолдау мақсатында қаржы-несие саясатын жалғастырады. Валюта нарығы, банк секторы және өзге қаржы нарықтарындағы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында барлық шаралар қабылданады. Елбасының беделі – елдің берекесі. Барды бағалай білу елін, мемлекетін сүйген әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақстанның өркендеуіне, дамуына өркениетті озық елге айналуына үлес қосу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы! Еліміздің еңсесін көтеріп, шекарамызды шегендеп, аса маңызды да, ең өзекті мәселелердің бірі, ана тіліміздің мәртебесін жоғары көтеріп, мемлекеттік тілге айналдырған, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, азғантай уақытта Арқа төсінде жаңа елорданы , озық үлгідегі сәулетті де дәулетті әсем шаһарға – бас қалаға айналдырып, айдай әлемге әйгілеген Елбасына қай кезде де айтар алғысымыз шексіз! Қазақстан үшін бүгінгі әлемдегі, өңірдегі, елдегі береке-бірліктің тұғыры, қауіпсіздіктің кепілі – Елбасының есімі, мұрасы мен мұраты болатыны да сондықтан. Ұлттың бағына біткен біртуар тұлға Нұрсұлтан Әбішұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, көп жылғы тер төккен еңбегінің зейнетін көруді Алла нәсіп етсін деп тілеймін! Бас қаламыз гүлденіп, көркейіп, жайнай берсін! Өз еліңде бақытты, тыныш өмір сүргенге не жетсін! Айналаңдағы алыс-жақын елдерде соғыс болып жатқанда, ең алдымен, аспанымыз ашық, бейбіт ғұмыр кешудеміз. Сол бейбітшіліктің арқасында менде елмен бірге емін-еркін өмір сүріп, еңбек етіп жатқан ерікті елдің бір қызымын. Еліміздің болашағы жарқын, аспаны ашық, келешегі кедергісіз, жан-жақты дамыған елдердің қатарында болса екен деп жан-тәніммен тілеймін!
Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
«Евразиялық банк» АҚ Қостанай филиалының директоры,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты