Киелі жерлерге саяхат

Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімі, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «QAZAQSTAN ZHASTARY» ҚҚ бірлесіп, мемлекеттік тапсырыс есебінен балаларға Қостанай облысының киелі жерлеріне ұмытылмас сапар ұйымдастырды. Мектеп және колледж оқушыларынан құралған еріктілер тобы экспедиция бағытының алғашқы күні Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай мемориалдық мұражайын аралады. Мұнан кейін олар қазақтың аса көрнекті педагог-ағартушысы Ы.Алтынсариннің кесенесіне келді. Онда Қостанай аудандық кітапхана қызметкері Ерлан Олжағұлов қарсы алып, қазақтың бас мұғалімінің өмірі мен кесенесі туралы тың деректермен бөлісті.  
Кесенеге кіреберістің екі жақ қапталында қоңырау орнатылған. Оған қол тигізген жан өздерінің құпия тілектерін тілейді екен. Балалар да бірінен соң бірі қалмай, қоңырауды сыңғырлатып, іштей тілектерін де тілеп жатты. Үлкендер де олардан қалыспады.
  Ыбырай Алтынсарин кесенесі алғаш рет 1991 жылы жаңартылып, араға 26 жыл салып қайта жаңғыртылды. Қасиетті нысан Қостанай ауданы, Мичурин ауылынан 0,5 шақырым жерде орналасқан. Ұлы ғалым, жерлесіміздің зиратындағы ескерткіш үш рет 1960, 1981, 1991 жылдары орнатылыпты. Ағартушының туғанына 150 жыл толуына орай ескі обелиск орнында порталды-күмбезді типтегі қызыл кірпіштен кесене тұрғызылған. 2017 жылы кесенеге қайта жөндеу жүргізіліп, ғимараттың ауданы мен биіктігі ұлғайтылды. Әрлеу ретінде Маңғыстау облысынан ақ әктас-ұлутас және гранит әкелініп пайдаланылған. Бұдан басқа, барлық іргелес аумақ абаттандырылып, жарықтандырылыпты.
  Лисаковтық сапар шегуші балалар Науырзым ауданы, Қарамеңді ауылынан Өлеңді ауылына дейінгі трассада орналасқан Түркебай әулие Ақанұлының басына келді.  Мұнда оларды Науырзым аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Оразғали Бимағамбетов қарсы алып, әулиенің жерленген жерін көрсетіп, тарихтан сыр шертті.   
  
Түркебай әулие (1759-1832) XIX ғасырда өмір сүрген. Ерекше көріпкелдігімен, қасиетімен танымал болған. Оған емшілік қасиеті әкесінен қонған. Аңыздарға сәйкес, өлер алдында Түркебай әулиенің емшілік қасиеті 200 жыл сақталатыны айтылған. Бүгінгі күні әулиенің басына келген әрбір адам, дініне қарамастан, жол бойындағы белгіге немесе оның қабіріне тас қойып, дұға бағыштайды. Мұнан кейін экспедиция тобы Үмбетей батыр Бәйсейітұлының, Мәтен батыр Баяндыұлының бастарына барып, тәу етті.
   Екінші күнгі саяхат Арқалық қалалық Кейкі батыр атындағы №4 орта мектебінде жалғасты. Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі Мақсұт Ғалымжанов мектеп тарихы мен Ұлы тұлға жайлы тың деректермен бөлісті. Мектеп ішінде Ұлы даланың ұлы батырының ерлігі туралы сыр шертетін көне жәдігерлер қойылған. Мұражай осыдан төрт жыл бұрын құрылған. Ал, білім ошағына батыр есімі 2020 жылы беріліпті.
  Экспедиция мүшелерінің кезекті сапары Арқалық қаласындағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейінде жалғасты. Музейдің негізін қазақ халқының біртуар ұлы – Өзбекәлі Жәнібеков қалаған. Тарих қатпарынан сыр шертетін мұражайдағы көне жәдігерлер өлке тарихын жаңғыртуда өлшеусіз рөл атқарады.
  Кейкі батыр ерлігімен сусындаған балалар Аманкелді ауданы аумағындағы Тасты ауылы маңындағы батыр кесенесіне барды. Кесене маңына мінәжат етуге келгендерді қарсы алатын шырақшы үйі салынған. Үйдің ішінде дұға бағыштап, ас беруге арналған және түнеушілерге арналған бөлмелер бар. Алдағы уақытта тарихи орын қажетті жабдықтармен жабдықталмақ.
    Қайтар жолда Қоянақ әулие Жолшарақызының басына соғып, құран бағыштады.
    Бұл сапардан балалар керемет әсер алыпты. Алдағы уақытта тағы да жалғасса екен деген ниеттерін білдіруде.
   -Мен бұл сапардан алған әсерім керемет. Алдымен Ұлы дала ұстазы Ыбырай Алтынсарин атамыздың кесенесіне табан тіредік. Орналасқан жері де ғажап екен. Далада 40 градустық ыстық болса да, қорымның маңында тұнған тыныштық пен салқын самал жел соғып тұрды. Қорымға кірмес бұрын атамыздың рухына тағзым етіп дұға бағыштадық. Әрі қарай Наурызым ауданында орналасқан қасиетті әулие Түркебай атамыздың қорымы, Арқалық қаласында орналасқан Кейкі батыр атындағы мектепке, Арқалық қаласындағы мұражайға, Аманкелді ауданы Кейкі батырдың мәңгілік мекеніне бас сұқтық. Кейкі батырдың кесенесіне мінәжат етушілерге, ас берушілерге арналған үй бар екен. Іші салқын, шөлдеп қарыны ашқан адамдар болса демалып тамақтануына болады. Жалпы айтқанда, осы жолғы экспедицияда көрікті жерлерді, тарихи нысандарды көрдім. Және де осы сапарды ұйымдастырушыларға, әсіресе, Айман Қадырханқызына алғысым шексіз, – дейді Құдайберген Нағашыбай.
  Осы сапардың жалғасы ретінде Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімі «QAZAQSTAN JASTARY» қоғамдық қорымен бірлесіп «Uly dala tarihy-urpaqqa amanat» атты экспедиция қатысушылары арасында «Үздік пост» байқауы жарияланды. Байқау қорытындысы алдағы уақытта шығарылады. Жеңімпазға қазақ халқының ұлттық аспабы домбыра сыйға беріледі.
   Лисаков қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓