Үгіт-насихат жұмыстары қашан басталады?
Биыл еліміздің 750-ден астам елдімекенінде жаңа әкім халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады
9 шілде күні 18.00-де ауыл әкімдерін сайлауға қатысатын кандидаттарды тіркеу аяқталды. Әрі қарай үміткерлердің құжаттары қаншалықты талаптарға сай екені тексеріліп, 14 шілдеде үгіт-насихат жұмыстары басталады. Өңірлерде науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл еліміздің 750-ден астам елдімекенінде жаңа әкім халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. Бұқара өз басшыларын сайлауға дайын ба?
Жанкелдин ауданы сайлауға дайындықты бастап кеткен. Ауданда 2 ауылдық округ, 4 ауылға әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Оның екеуі Ақшығанақ пен Жаркөл ауылдық округі. Осы ауылдарда 25 шілде күні ауыл әкімінің сайлауы өтеді.
«Аудан бойынша 15 адам әкім болуға өз кандидатурасын ұсынды. Оның бесеуі «Nur Otan» партиясынан, қалғаны өзін-өзі ұсынғандар. Үміткерлерді тіркеу 9-шілде күні кешкі 18.00-де аяқталды. Он үші тіркелді. Қалған екеуі тексеруден өткеннен кейін тіркелуге тиіс. Бұл сайлауда екі мыңға жуық сайлаушы дауыс береді деп күтілуде», – дейді Ғабит Сүндетбаев.
Жалпы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болуға үміткер мынадай талаптарға сай болуы тиіс: ең алдымен кандидат 25-ке толған ел азаматы болуы, сотталмаған, мемлекеттік мекемелерде жұмыс өтілі болуы шарт. Әр үміткер сайлаушылар санының 1 пайызынан қол жинауы керек. Тек сонда ғана ол кандидат ретінде тіркеле алады.
Әкім болуға өзін-өзі ұсынған кандидаттарды тіркеу жұмыстары 9 шілде күні аяқталды. Үміткерлер енді14 шілдеден бастап 24 шілдеге дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Жалпы науқанның бастан аяқ өтуіне ел қазынасынан 4,7 млрд теңге қарастырылыпты.