9 жоба әзір
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен қала және аудан әкімдерімен өткен селекторлық кеңесте «Ауыл –Ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысы қарастырылды. Биыл «Ауыл –Ел бесігі» жобасы аясында облыстың 20 тірек және спутниктік ауылында 47 жобаны іске асыруға 6,5 млрд теңге көзделіпті. Бүгінгі таңда жолдарды орташа жөндеу бойынша 9 жоба аяқталған.
«Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулардағы үнемдеудің арқасында «Ауыл – Ел бесігі» тізіміне «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жоспарланған орташа жол жөндеу бойынша 22 жобаны енгізу жоспарлануда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға дейін жеткізу болып табылады. Жоба аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұтастай алғанда халық үшін неғұрлым қолайлы өмір сүру ортасын құру жөніндегі бірқатар міндеттер шешілетін болады», – деді облыс әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдеріне орындалатын жұмыстардың сапасына тұрақты бақылау жүргізуді, сондай-ақ барлық жұмыстарды кестеге сәйкес уақтылы аяқтауды тапсырды.