ЕТТЕН КЕНДЕ БОЛМАЙМЫЗ
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы жылына 20 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы кешеннің құрылыс жұмысымен танысып қайтты. Бұл жөнінде аймақ басшысы өзінің инстаграм парақшасында жазды.
Құны 5,1 млрд теңгеге бағаланған жобаны «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС жүзеге асыруда. Болашақта бұл арада 180-нен астам адам жұмыс атқаратын болады.
Жобаны бизнесті дамыту институттары қолдағанын және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн.
Кешенге әкімшілік-тұрмыстық кешен, екі автожуу, санитарлық-тұрмыстық кешен, жеке қажеттіліктерге арналған шеберхана, негізгі өндірістік үй-жай және қосалқы инфрақұрылымдық объектілер тұрғызылмақ. Зауытқа қажетті жабдықтар Польша, Ресей және Италиядан әкелінбек. Бүгінгі күні объектілердің басым бөлігінің құрылысы аяқталған, негізгі өндірістік үй-жайда құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.
"Бұл жоба облысқа ет импортын азайтуға, сондай-ақ шикізат жеткізуші болып табылатын жергілікті шаруа қожалықтарын жандандыруға бағытталғанын атап өткім келеді.
Сапар қорытындысы бойынша, қатысып отырған мүдделі органдарға осы жобаны іске асыруды табысты аяқтауға бағытталған тапсырмаларды жүктедім," – дейді аймақ басшысы.
Нысанды ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарлануда.