Ел назары – егін үстінде
Күздің қара жаңбырының салдарынан Қостанай облысындағы орақ науқаны саябырлап қалды. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы келтірген ақпаратқа жүгінер болсақ, осы сәтке дейін дәнді-дақылдың 76 пайызы қамбаға құйылды. Жиын-терін облысымыздың оңтүстігінде толығымен аяқталды. Ал, солтүстігіндегі жағдай көңіл көншітпейді.
Атап айтар болсақ, Алтынсарин ауданында бидайдың 64 %, Қарабалықта – 63 %, Мендіқара – 47 %, Сарыкөл – 49 %, Ұзынкөл – 39 %, Федоров ауданында – 64%, Қостанай ауданы – 63 %, Қарасу – 80 %, Таран ауданында – 79 % жиналыпты. "Күнде жауатын жаңбыр егін алқабын әбден езіп жіберді. Осының салдарынан, техника алқапқа кіре алмай жатыр. Қазан айында егінге орақ түспеді. Енді, жердің сорғуын, я болмаса аяз түсуін күтетін боламыз. Ең бастысы дәнді-дақылды ысырапсыз жиып алу керек. Ал, оны кептіруге мүмкіндігіміз де, техникамыз да жеткілікті" – дейді, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов.
Жұматай
Кәкімжанов