Өрт бой берер емес
Қостанай облысының бірнеше ауданындағы дала өртін ауыздықтау қиынға соғып жатыр. Бұл туралы Экспресс-К тілшісі жазады.
Биыл қырда шөп шығымсыз болды. Мал жайылатын жер тарылып барады. Сондықтан арнайы жасақпен бірге жергілікті халық та апатпен жан аямай күресіп жатыр.
Бұған дейін Жангелдин ауданында жаңбырсыз күні 8 жерден жай түсіп, қолдағы бар күш қызыл жалынның алдын бөгеуге жұмылдырылғанын хабарлаған болатынбыз. Кеше аталған ауданның Аралбай ауылы аумағында шөп өртеніп, жалын әп-сәтте 40 гектар аумаққа жайылып үлгерген. Сағат 15.50-де басталған өрт түн ауғанда ғана өшірілді. Тап осы сәтте Амангелді ауданының Қабырға ауылдық округінде де от тұтанып, түн ауғанша бой бермеген.
Ал Арқалық қаласындағы Жаңақала ауылында тілсіз жау 46 гектар алқапты күлге айналдырды. Апатпен айқас екі күнге созылды. Жаңа қаладағы өрт бүгін таңғы сағат 04:45-те әзер ауыздықталды.
Сондай-ақ, Ұзынкөл ауданындағы Варваров ауылында кеше түс ауа өрт шығып, бүгін таңғы 06:06-да сөндірілді.
"Кейбір аудандардағы өрт осы күнге дейін өршіп тұр, бірақ ТЖД қызметкерлері апатты жоюға бар күшін салады. Аптапты ауа-райы мен ұйытқыған желдің салдарынан дала өрті стихиялы түрде тез тарап жатыр. Қауіпсіздікті сақтамаса кез-келген сәтте от шығуы мүмкін. Біз тұрғындардан өте абай болуын сұраймыз", — дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.
Соңғы мәлімет бойынша, Торғай өңіріндегі бір мезгілде бірнеше жерден тұтанған өртті ауыздықтауға ТЖ қызметкерлерінің әлі де шамасы жетер емес. Жайылымның босқа жанып жатқанына шыдамаған жергілікті халық ерікті түрде тілсіз жаумен күресуге шыққан. Арнайы техника жетіспегендіктен, тұрғындар қолдан келгенше амал қылуда. Мәселен, Көлқамыс ауылы тұрғындары тракторға тіркелген цистернамен су құйып, киіз байланған құрықпен қып-қызыл отты ұрғылап сөндіріп жатқан көрінеді.