Халыққа жақын жоба
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қостанай облысының прокуратурасы «Халық прокуроры» жобасын іске асыруды бастады. Бұл еліміздің Бас прокуроры Ж.Асановтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау бастамасымен өмірге келген екен. Жобаның мақсаты – халықпен бетпе-бет жүздесіп, заңнамалық жаңалықтарды түсіндіру, көпшілікті толғандырған мәселелерді анықтау және солардың түйінін шешу. Бұл ретте қадағалаушы органның жеткен жетістігі де жоқ емес. Жобаны жүзеге асыру алғаш болып өңіріміздегі білім мекемелерінен басталып отыр.
Аймақ әкімдігінде облыс прокуроры Марат Қайбжанов аталған ауқымды жобаның тұсауын кескен жиын өткізді әрі оның алғашқы нәтижелерін жария етті.:
– «Халық прокуроры» жобасына бұған дейін аймағымыздың білім мекемелерінде 250-ден астам кездесу өтіп, оған 6 мың адам қатысты. Бастапқыда 15 прокуратура өкілі жұмылдырылған шара кейін 50, енді бүгін 86 қызметкер болып толығып отыр. Алдағы уақыт прокурорлардың саны екі есеге дейін артпақ. Ең бастысы, халықтың көкейіндегі түйткілдер шешімін таба бастады.
Жоба аясында бүгінгі күнге дейін азаматтармен кездескен өңір прокурорлары 23 мәселені анықтапты. Олардың 9-ы шешімін тапса, қалған мәселелер де қарастырылуда. Бір ғана мысал, кездесулердің бірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға салықты есептеу заңдылығы жайында сауал қойылған. Осы мәселені тексерген құзырлы орган өкілдері аймақта 2 мыңнан астам мүгедекке 16 млн. теңгеден артық салық салынғаны анықталыпты. Қадағалау актісі бойынша есептелген сомалар жойылды деді М.Қайбжанов.
Ал Рудный индустриалдық институтының алдымен өтетін жолда жаяу жүргіншілер жүретін белгі-жолақ жоқ. Прокурорларға айтылған бұл мәселе де көп ұзамай шешімін тапқан екен. Бүгінгі мәжіліс өңірдің аудан-қалаларымен телекөпір арқылы өткендіктен, аталған оқу орнының өкілдері облыс прокурорына алғысын жеткізді.
«Халық прокуроры» жобасы ендігі кезекте денсаулық сақтау мекемелерінде жалғасын таппақ. Ал жалпы, қадағалаушы орган қызметкерлерімен кездесулер облыстың барлық тұрғындарын қамтиды деп жоспарлануда.
– Қазір БАҚ-пен қатар ғаламтор ресурстарында да жаңалықтарымызбен бөлісе бастадық. Осыдан екі апта бұрын Facebook әлеуметтік желісінде менің жеке парақшам ашылды. Азаматтар өз сауалдарын, мәселелерін парақшама жолдай алады. Және әлеуметтік желі арқылы дәл бүгінгі «Халық прокуроры» жобасының беталысын хабарлап отыратын боламын, – деді М.Қайбжанов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ