Мереке қарсаңындағы қуаныш
Бүгін Қостанай қаласында Елорда күні қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Юбилейный шағын ауданындағы №48 үйдің алғашқы 15 қоныстанушысына пәтер кілтін табыстады.
Бес қабатты 120 пәтерлі тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып салынған.
Көп пәтерлі тұрғын үйде мүгедектер, толық емес және көп балалы отбасылар, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрғандар қатарындағы жетім балалар тұратын болады.
–Баршаңызды келе жатқан маңызды мереке Елорда күнімен ыстық ықыласыммен құттықтаймын. Елбасымыз Н.Назарбаевтың кемеңгер саясатының арқасында әсем қаламыз бой көтеріп, жыл сайын халықаралық деңгейде абыройы асқақтап артып келеді. Ел астанасымен қатар, басқа да қалалар қарқынды дамуда. Соның бірі – Қостанай қаласы. Қалада шағын аудандар бой көтеріп, жыл өткен сайын көркеюде. Көптеген алаңдар, саябақтар көркейтіліп, қаламыз жақсы деңгейде дамып жатыр. Соынң тағы бір дәлелі ретінде бүгін Юбилейный шағын ауданындағы көп қабатты үйдің кілтін халықтың игілігіне тапсырғалы отырмыз. Бүгінгі салтанатты шараға үйдің 15 тұрғыны шақырылып отыр. Бұған себеп, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біздің облыс "сары" аймақта екенін атап өткім келеді. Бұл – жалға берілетін үй. Бір шаршы метрдің бағасы – 140 мың теңге. Бас мердігер "ЭКСПО-ТРАНС" ЖШС өте жақсы жұмыс істеді. Біз жетім балалар үшін 20% квота беріп отырмыз. Соңғы 10 жылда облыста 600-ден астам жетім бала жалдамалы пәтерге ие болды, – деді аймақ басшысы Архимед Бегежанұлы.
Салтанатты шарада көп балалы ана қамқорлық көрсетіп отырған билік өкілдеріне аналық алғысын жеткізді.
– Мен 9 жыл үй кезегінде тұрдым. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келдім. Бізге және балаларымызға қамқорлық жасаған Үкіметке, Елбасыға, жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Келе жатқан мереке құтты болсын. Мен барлығына бейбіт өмір тілеймін. Балалар аман болсын,– деді Гүлзада Есмағамбетова.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін облысымызда 4,5 мың тұрғын үй халық игілігіне берілмек.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ