Қолға алынған жоба көп

Облыс әкімдігінде өткен селекторлы кеңесте өңірдегі жолдардың жағдайы талқыға салынды. Жиында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, биыл өңірдегі автожол саласына бөлінген қаржы – 19,2 млрд теңге. Бұл сомаға жергілікті маңызы бар 227 км жол (21 учаске) және елді мекендер көшелерінің 264 учаскесін жөндеу жоспарланған.
Жергілікті автожолдарды ретке келтіруге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 11,6 млрд теңге (ұзындығы – 221 км) қаралса, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы арқылы 1,1 млрд теңге (50 жоба) бөлінді. Сонымен қатар, 218 жобаға облыс бюджетінен 6,5 млрд теңге жұмсалмақ.
«1 шілдеге дейін көлік инфрақұрылымы шеңберінде іске асырылатын нысандарға бөлінген қаржының 5,3 млрд теңгесі, яғни, жылдық жоспардың 28%-ы игерілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі өткен жылдардың үлесінен асып, 78%-ды құрайды», – деп атап өтті жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев баяндады.
«Туған жер» бағдарламасымен туыстас «Көркейе бер, Қостанай» жобасы биыл да жалғасып жатыр. Осы жылы кәсіпкерлердің қолдауымен 227 жоба жүзеге асырылмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынған осы сияқты жұмыстарды ішкі саясат басқармасының Марат Жұрқабаев таныстырды.
«Облыс бойынша бүгінгі таңда «Көркейе бер, Қостанай» шеңберінде 64 жоба немесе 28% аяқталды. Мысалы, Рудный қаласында жаңа заманауи «Аят Фитнес Премиум» спорт залы, Б.Майлин ауданы Валерьянов ауылында стадион салынды. Меценат Сапар Ысқақовтың демеушілігімен Амангелді ауданында әмбебап спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Сондай-ақ кәсіпкердің бастамасымен Амангелді ауылында туристік хабтың құрылысы басталды», – деді Марат Жұрқабаев.
Оның айтуынша, жарты жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1717 іс-шара өткізілген. Оған 1 045,7 млн теңге жұмсалған.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдеріне жоспарланған жұмыстар мерзімінде сапалы аяқталуын қадағалауды тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓