Субсидиялау саласы сүзгіден өтпек
Антикор субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кең ауқымды сараптама жүргізе бастайды.
Соңғы екі жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қостанай облысындағы департаментінің қарауында мемлекеттік субсидияны заңсыз иелену деректері бойынша тіркелген 31 қылмыс болған.
"Қазіргі уақытта Президент тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агроөнеркәсіп кешеніндегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау саласында ықтимал жемқорлыққа ауқымды сыртқы сараптама жүргізу жұмыстарын бастағалы отыр", – дейді облыстық Антикор жетекшісінің бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.

Мұның сыртында, ведомство өңірлерге тұрғындармен кездесіп, жағдайды зерттеу үшін арнайы топтарды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, кері байланыс орнату үшін, азаматтардың ой-пікірі мен ұсыныстарын қабылдау үшін agskos@mail.kz электронды почтасы және +77765551424 WhatsApp нөмірі жұмыс істейді. Сондай-ақ, жұмыс тобымен байланысу үшін "Атамекен" ҰКП филиалының алаңдарына және Antikor-орталықтарына жүгінуге болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті барлық ниетті азаматтарды аталған маңызды жұмысқа үн қосуға шақырады.