Қауіпсіздік қаперде

Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі А.Теміров білім беру объектілерінің өртке қарсы жағдайын ерекше тәртіппен тексеру мәселелері бойынша қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің басшыларымен кеңес өткізді. Күн тәртібінде білім беру объектілерінде өртке қарсы режимді сақтау, өрт автоматикасы жүйесі мен өртке қарсы құралсаймандарды ұстау және техникалық қызмет көрсету, өрт шыққан кездегі іс-қимыл тәртібі және эвакуациялау процесін ұйымдастыру, облыстық ТЖД берген нұсқамаларды орындау мәселелері талқыланды.
Ведомство өкілінің айтуынша, осы жылдың ақпан айынан мамыр айына дейін Департамент білім беру объектілерінің өртке қарсы жағдайының ерекше тәртібі бойынша 489 тексеру ұйымдастырды, 2 213 өрт қауіпсіздігі нормалары мен қағидаларын бұзу анықталып, 382 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру жүргізу кезінде азаматтық қорғау органдары персоналдың өрт болған жағдайда әрекет ету қабілетіне, эвакуациялық шығу жолдарын қауіпсіз ұстауға, жарамды алғашқы өрт сөндіру құралдарының, байланыс құралдарының болуына, автоматты өрт дабылы мен өртке қарсы сумен жабдықтау қондырғыларының жұмыс жағдайына ерекше назар аударды.
Кездесу диалог форматында өтті, тараптар өздерін қызықтырған сұрақтармен алмасты және қажетті түсініктемелер алды.
Аталған іс-шара барысында А.Теміров білім бөлімдерінің басшыларына мектептерде өрт сөндіру бұрыштарын немесе өрт қауіпсіздігі бұрыштарын орнатудың маңыздылығын атап өтті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓