Анасына қол көтергені үшін…
Қостанай қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты 1966 жылы туған азаматқа қатысты төрт әкімшілік істі қарады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, 25-27 қазан аралығында азамат И. өз үйінде бірнеше рет ұрыс шығарып, анасын балағаттап, күш көрсетіп, ұрып-соғумен қорқытып, мазасын алған.
Сот отырысында И. өз кінәсін толығымен мойындады.
Қаулы бойынша, басбұзар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 17 тәулікке қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Азаматтың іс-әрекетіне қатаң бақылау қойылып, үш айдан алты айға дейінгі мерзім ішінде жәбірленушіні іздеуге тиым салынды. Сонымен қатар, ол осы уақыт аралығында әр айдың 1,10,30 күндері учаскелік инспекторға келіп тұруға міндеттелді.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.