Өзгерістер енгізілді

Дүкендерге тауарлардың ілеспе жүк құжаттарын рәсімдеудің қажеті жоқ. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында мәлім болды. 19 маусымда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Қаржы министрінің № 531 бұйрығы күшіне енді. Құжатта ТІЖ ресімдеу бойынша пилоттық кезеңді ұзарту мерзімдері көрсетілген. Сондай-ақ, «шағын сауда нүктесі» анықтамасы берілген. Төрт өлшемге сәйкес келетін кәсіпкерлер ТІЖ ресімдеу мен растаудан босатылады. Облыстық кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-кездесуде бизнесмендер мен бухгалтерлерге тауарларға ілеспе жүкқұжаттарға қатысты жаңа енгізілімдер туралы айтылды.
«Шағын сауда нүктесі» дегеніміз не? Бұл алкоголь, темекі өнімдері және мұнай өнімдері тәрізді акцизделетін тауарларды сатпайтын және төрт өлшемге сәйкес келетін бөлшек сатушы. Біріншісі – оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану. Екіншісі – бизнес субъектісі ҚҚС төлеуші ретінде есепте тұрмауы тиіс. Үшіншісі – оның нақты бөлшек сауда көрсетілген ЭҚЖЖ-сы болуы тиіс және төртінші – кәсіпкер онлайн-БКМ қолдануы тиіс. Мұндай дүкендерге «шағын сауда нүктесі» санаты беріледі. Оларға ТІЖ ресімдеу және растау, сондай-ақ «виртуалды қойманы» жүргізу қажет емес», – дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің маманы Гүлмира Қартқожақова.
Алкоголь және темекі өнімдерін сататын бөлшек сатушылар да тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеуден босатылады. Алайда, олар әлі де ТІЖ-ын растауға міндетті. Мұны жеткізушіден «ЭШФ» АЖ-ға белгіленген мерзімде тауарды алған кезде жасау қажет.
Тауар мерзіміне тиісті өзгерістер де бар. Егер тауар көліктің кез келген түрін пайдалана отырып жөнелтілетін болса, онда растау 20 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Егер тауар көлікті пайдаланбай өткізілетін болса, 10 күнтізбелік күн ішінде ТІЖ растау қажет.
«Көтерме тауарларды жеткізуші ілеспе жүкқұжатты ресімдеген кезде, ол «көлік» бағанында белгі соғуы тиіс. Сондықтан, абай болған жөн. Егер белгі қойылмаса, онда 10 күн ішінде SNT расталуы керек. Мұны ескеру қажет. Әзірге олар жіберген қателіктері үшін ешқандай шара қолданылмайды. Өйткені, бұл пилоттық жоба. 1 қазаннан бастап айыппұл санкциялары болады», – дейді Гүлмира Қартқожақова.
Естеріңізге сала кетейік, пилоттық жобаның мерзімі акцизделетін өнімдер, тауарларды ҚР аумағына әкелу, тауарларды ҚР аумағынан әкету бойынша 2021 жылғы 1 қазанға дейін; виртуалды қойманың тауарлары бойынша (ҚМ 384 бұйрығы) 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылады. ДСҰ-ның тізімінен алынған тауарлар және таңбаланатын тауарлар бойынша пилоттың басталу мерзімі 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап 2021 жылғы 1 қазанға, аяқталу мерзімі – 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап 2022 жылғы 1 тамызға көшіріледі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓