Сауатсыздық па, жауапсыздық па?
Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері Қостанай көшелеріндегі мемлекеттік тілде қате жазылған мәтіндерге қарсы кезекті акция өткізді. Ақпаратында ақау және жарнамасында жаңылыс жіберген нысан иелеріне ескерту жасалды.Басқарма мамандары БАҚ және "Жас Отан" жастар қанаты өкілдерімен бірлесіп, әртүрлі сауда нүктелерінде қазақ тілінің қатесіз жазылуын және мемлекеттік жән ресми тілдегі жазбалардың заңнамаға сай ретімен орналастырылуын тексерді. "Қателерді былай қойғанда, көп жерде тек орыс тілінде жазылған мәтіндер жиі кездеседі. Бұл, әрине, заңға қайшы, мемлекеттік тілге немқұрайды қараудың белгісі. Біз осындай ағаттық жіберген нысан иелеріне заң ережелерін түсіндіріп, ескерту жариялап, бірер апта көлемінде кемшілікті түзету туралы талап қоямыз. Мекенжайын, байланыс нөмірлерін жазып алып, ұдайы хабарласып отырамыз. Межелі уақыт болғанда арнайы барып тексереміз", – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының Ономастика және көрнекі ақпараттар бөлімінің басшысы Жарасхан Наурызбаев.Кінәларын түсініп, қатесін көп ұзатпай түзейтіндер де, уәде беріп шығарып салудан әрі аспайтындар да бар. Қалай болғанда да, талапшыл топ бұрын барған нысандарға қайта айналып соғуды ұмыт қалдырмайды. Бірақ, құлықсыз кәсіпкерлерді кезекті мәрте ескертпе жасаумен ғана тәртіпке шақырудан басқа амал жоқ. Осы жолғы акцияда қателікке жол берген нысандар тізімі тағы да арта түсті. Топ мүшелері облыс орталығының Гоголь көшесі бойындағы сауда нүктелерін сүзгіден өткізді. Сондай-ақ, автокөлік аксессуарларын сататын "Бүркіт" базарын аралады және әл-Фараби даңғылының бойымен жүріп өтті. Көбісіне ортақ кемшілік – нысандар сыртындағы көрнекі ақпараттардың мемлекеттңк тілдегі нұсқалары жоқ, тек орысша жазылған. Барлығына тиісті талаптар түсіндіріліп, ескерту қағаздары берілді.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков