Тіл үйренемін десеңіз…

Қостанай қаласында «Fast&Simple» деп аталатын ағылшын және қазақ тілін үйрететін орталық ашылды. Мұнда қазақ тілімен қоса халқымыздың салт-дәстүрін де үйретеді.
Орталықтың негізін қалаушылар ­ – Нарболат Бектыбаев пен Әсия Сүндетбаева ағылшын тілінің мұғалімдері. Кәсіби мамандар балаларға тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында жаңа бастаманы қолға алған. Орталықтың ресми ашылуына А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ­дің құрметті профессоры, көптеген зерттеу еңбектердің авторы Мәнсия Самамбет қатысып, жібек лентаны кескен еді.
Тіл үйретуші орталықтың қызметі ақылы. Аптасына үш рет, бір сағаттан қазақ және ағылшын тілдерін оқытады. Ағылшынша үйренемін десеңіз, айына 16 мың теңге төлейсіз. Ал қазақ тілін меңгергіңіз келсе, айына 12 мың теңге қажет болады. Бір отбасынан екі немесе одан да көп бала келсе, ай сайынғы төлемге 20% жеңілдік жасайды. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналардың балаларына 30%­-ке дейін жеңілдік бар.
– Балаларды жалықтырмауға тырысамыз. Сабақты ойын түрінде, интерактивті форматта өткіземіз. Бір тілді үйрену үшін төрт айдан артық уақыт кетеді. Ал біз жеделдетілген курсты енгіздік. Яғни, біздің орталыққа келсеңіз, төрт айда үйренетін тілді үш айдың ішінде меңгеріп шығасыз. Балаларды бес жастан бастап қабылдаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз – қазақ тілінде жақсы сөйлейтін, ұлтымыздың дәстүрін жетік меңгерген білімді, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру. Оған қоса, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін сауатты жастарды тәрбиелеу. Қазіргі заман – білімнің уақыты. Ана тілімізді терең меңгеріп, ағылшын тілінен де хабардар болғанымыз артық болмас, – дейді тіл үйрету орталығының негізін қалаушылардың бірі Әсия Сүндетбаева.
Сурет «Fast&Simple» орталығынан алынды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓