Келешекке кемел біліммен

Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рудный индустриялық институтының жетістіктері мен даму перспективалары» тақырыбында брифинг өтті. Онда ректор, профессор Әбдірахман Найзабеков атқарылып жатқан жұмыстарды алты бағыт бойынша жіктеп, егжей-тегжейлі баяндады.
Рудный индустриялық институты – еліміздің солтүстік өңіріндегі инженерлік-техникалық кадрларды даярлайтын бірегей оқу орны. Ол ҚР ТОП-20 ЖОО Бас рейтингінде 13-ші орынды иеленсе, білім беру бағдарламалары бойынша институционалдық рейтингте үздік ондықтың қатарына кіреді. Қарапайым сандардың артында жастарға сапалы, заман-ауи білім беруге ұмтылған ұжымның үлкен еңбегі жатқанын айта кеткен дұрыс.
Былтыр пандемияға қарамастан РИИ түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі орта есеппен 95-97 пайызды құрап отыр. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Брифингте оқу орнының басшысы Әбдірахман Найзабеков материалдық-техникалық базаны жаңарту мен профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыруға үнемі ерекше көңіл бөлінетінін алға тартты.
– Біздің институтта ғылыми-зерттеу және оқу бейініндегі 56 зертхана жұмыс істейді. Жыл сайын бюджеттің 20 пайызға жуығы оқу-ғылыми жабдықтарды, аспаптарды және бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңартуға бағытталады. Ұстаздар да қарап жатқан жоқ. Биыл ҚР БжҒМ гранттық қаржыландыру конкурсы аясында 9 ғылыми-зерттеу жұмысы іске асырыла бастады. Министрлікке тағы да 37 өтінім жіберілді. Біз Ресей, Қытай, Латвия, Чехия, Германия, Польша, Болгария, Сербия, Белоруссия, Италия, Австралия ғалымдарымен ғылыми ынтымақтастықты жаңа, сапалы деңгейге шығаруға бар күшімізді салудамыз, – деді спикер.
Әбдірахман Батырбекұлының сөзіне сенсек, Рудный индустриялық институтының жұмыс беруші сенімді серіктестері оқу үдерісін жобалауға ғана емес, оны іске асыруға да белсенді қатысады.
Мәселен, үш жыл қатарынан білім алушыларға «ССКӨБ» АҚ бөлімшелерінің басшылары дәрістер өткізіп келеді. Ал үлгілі студенттер дипломдық жобаларын жұмыс беруші компания басшыларының алдында қорғай алады. Сонымен қатар, ЖОО-дағы оқу үдерісінің практикалық бағытын күшейту мақсатында өңір кәсіпорындарында кафедралардың 28 филиалы ашылған.
– Академиялық ұтқырлық, тағылымдамалар, халықаралық жобаларды жүзеге асыру да – институт қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қос диплом бағдарламасының арқасында оқу бітірген РИИ студенті Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті немесе Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералдық университетінің де дипломын қосып алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда осы бағытты дамыту бойынша Болгария астанасы София қаласындағы химиялық технология және металлургия университетімен келіссөздер жүргізілуде, – деді профессор.
Баяндамадан соң Әбдірахман Найзабеков журналисттердің жатақханамен қамтамасыз ету, биылғы түлектердің жұмысқа орналасуы және пандемия кезіндегі қашықтан оқыту мәселелері тақырыбындағы сұрақтарына толық жауап берді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓