«Арқалық хабарына» – 10 жыл
Осы орайда біз газеттің Бас редакторы Арыстан Айтмағанбетовке жолығып, әріптестеріміздің қуаныштарымен бөліскен едік.
– Газеттің мерейтойы құтты болсын!
– Рақмет. Бәрі күні кеше ғана еді. Енді, міне төл газетімізге 10 жыл толды. Мақтанды дерсіз, бүгінгі күні біздің басылым Арқалық аймағындағы ең үлгілісі. Ие болған түрлі марапаттар осыған дәлел. Өзімді айтпағанда үзеңгілестерім Виталий Саяпин мен Қайрат Есмағанбетовтер де талай жүлдеге ие болған. Жас тілшіміз Баян Бабасованың да осы тұғырға көтерілеріне сенімім зор.
Мерейтойымызға орай Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділда Мақановтың құттықтауында біздің азын-аулақ еңбегімізді жоғары бағалағанына дән ризамыз. Онда: "Газетіңіздің тағдыры Арқалық қаласымен тығыз байланысты. Арқалықтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен бірге жыл сайын Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз де өсе түсуде", – делінген. Қала әкімі құттықтауын жолдап, өзге де ті-леулестеріміз жылы лебіздерін көптеп білдіріп жатыр.
– Газет шыққан жылдар мен қазіргі кез..
– 2004 пен 2014-ші жылды салыстыруға келмейді. Бүгінгі Ар-қалық пен халқының көңілі өзгеше. Оны газеттен көруге болады. Жобаларды жазып жатырмыз. Өткен шақта "Қаражат жоқ, жылу жоқ" дейтін болсақ, бүгін бәрі бас-қаша. Бүгін қаражатты қалай игеру керек? – деген сияқты мәселелер көтерілуде. Ел мен өңір әлеуметтік-экономикалық өрлеу үстінде. Біз өзгерістерді халыққа шынайы, дер кезінде жеткізуге ұмтыламыз.
Қуанатынымыз, Арқалық қаласының халық саны өсе бастады. Табыс көзі де ұлғая түскен. Бұрын трансферт, субсидия сияқты үкіметтің көмегімен ғана күнелтетін қала енді өз күнін өзі көретін жағдайға жетіп қалды. Соған қарағанда газетіміздің болашағы бар деп ойлаймыз. Екінші он жылдыққа нық сеніммен аяқ басамыз.
– Газеттің таралымы қанша?
– Негізінен газеттің тиражы 2300-2500 аралығында. Қай жағынан алып қарасақ та, газетімізді 16 бет қылып шығаратындай мүмкіндігіміз бар. Бет санын арттырып, толық түрлі-түсті етіп шығарған кезіміз де болған еді.
Қазіргі таңда 8-12 бет көлемін-де алмасып, аптасына бір рет, жұма күні шығып тұрады. Ар жағы қалай болса да, қаражатқа келіп тіреледі. Оқырманымыз көбейсе таралымды ұлғайтуға болады.
– Газетке үлес қосқандардан кімдерді атар едіңіз?
– Мен газеттің алғашкы күнінен бастап қызмет істеймін. Тұңғыш редакторы – Рәзия Бикенова. Газеттің дамуына айрықша үлес қосқан белгілі журналист ағамыз Мираш Жүнісбеков. Торғай агротехникалық колледжінің директоры, ол кезде қала әкімінің орынбасары болған Арман Шамшин ағамыздың газетімізге деген ықыласы айрықша. Әкімдерді айтар болсақ: Жомарт Түбекбаев, Теміржан Төлеубаев, Берік Әбдіғалиұлы. Осы үш әкім бізге өте үлкен серпін берді.
– Қалада қос газет бар. Қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Арамызда жарыс бар. Жақсы жақтарымыздан қалмауға ұмтыламыз. Кейде газетке сыймай қалған ақпараттар болса хабарласып, келісіп, оқырмандарымызға дер кезінде ұсынуды әдетке айналдырдық. Фотосуреттермен алмасып, бір-бірімізге жәрдемдесіп жатамыз. Тіпті, біте қайнасқан бір ұжым сияқтымыз.
"Торғай" қалалық апталығының бас редакторы Қайрат Есмағанбетов кезінде бізде жұмыс істеген. Шәкірттерімнің бірі деп айтуыма болады.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде облысқа танымал болып жүрген қаламы қарымды журналистер: Абылай Мауданов, Ғанибет Ғалымбекұлы, Марғұлан Оспановтар да алғашқы еңбек жолдарын осы газеттен бастаған.
– Ал ұжымдарыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Газетіміз қазақ және орыс тілдерінде шығады. Мамандарымыз тәжірибелі. Виталий Саяпин, Баян Бабасовалар өз міндеттерін асқан тиянақтылықпен орындайды. Алена Гримицкая байырғы "Тургайская новь" газетінен бері еңбек етіп келе жатқан білікті тілші.
Ұжымымыз шағын болғандықтан санаспай біріміздің жұмысымызды біріміз атқара береміз. Қысқасы, бізде бәрі де бесаспап.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылықтарыңыз шарықтай берсін!
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суретте: А. Айтмағанбетов – "Арқалық хабары" газетінің директор-бас редакторы. Газет ұжымы.