Бүгін – мемлекеттік рәміздер күні
Мемлекеттің біртұтастығының нышаны, егемендіктің берік негізі, елдіктің ұстыны – қастерлі рәміздер! Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері осыдан 29 жыл бұрын 4 маусым күні бекітілген еді. Содан бері бұл тарихи күн маңызды мереке ретінде атап өтіліп келеді.
Мемлекеттің Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының тарихын білу – оларды ардақ тұтудың бастамасы. Ең алғаш үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындаған болатын. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин және басқа да зиялылар мен қайраткерлер кірді. Осыдан соң бүкіл ел көлемінде байқау жарияланды. Сол кезде бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, Әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысыпты.
Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі тұрғысынан да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын бүгінде тұтас халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды. Олар – Ту авторы Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов және композиторлар – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди, ақындар – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрі-баева алғашқы әнұран авторлары ретінде тарихта қалды. 14 жылдан соң, яғни 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" әніне түскен еді. 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық тандемінен шыққан туындының бас-тапқы мәтінін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр-сұлтан Назарбаев өңдеді. 2006 жылы 6 қаңтарда ҚР Парламенті жаңа мемлекеттік Әнұранды бекітті.
Содан бері көк байрақ бейбіт елдің биік мәртебесі, Әнұраны жігер-рухы, Елтаңбасы асқақ айбыны саналып келеді. Жас ұрпақ бойына отансүйгіш сезім дарыту – оларға әуел бастан мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді үйретуден, қадірқасиетін дәріптеуден басталса керек. Өр намысты азаматтың тізесі осы ұлттық нышандар алдында ғана бүгілуі тиіс екенін өскелең буынға аманаттау – әр қазаққа парыз.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков