Атқарылған іс көп
"Инстаграм" әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында «Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Аққожина XXIX облыстық есеп-беру сайлау конференциясының қортындысы, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі, ауыл әкімдерін сайлауы мен партия жобаларының жүзеге асырылуы туралы айтып берді.
Эфир қонақтарының назарына ұсынылған ақпаратқа сүйенер болсақ, Қостанай облысының 20 аймақтық филиалының барлығында есеп беру-сайлау конференциялары өткен. Нәтижесінде аймағымыз бойынша 143 Бюро мүшесі сайланған. Олардың 62-і немесе 43,3%-ы әйел адамдар, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 6,3 % көп. Сондай-ақ, 35 жасқа дейінгі жастар саны 45 адам немесе жалпы көрсеткіштің 28,8 %-ы. Бюро құрамын 11 немесе 7,1% бастауыш партия ұйым төрағалары құрайтын көрінеді.
Сондай-ақ, конференциялар барысында Саяси Кеңес құрамы жаңартылған. Облысымыз бойынша 328 адам сайланған. Оның 125-і немесе 38,1%-ы әйел адамдар. 82-і немесе 25%-ы 35 жасқа дейінгі жастар және 29-ы немесе 8,8%-ы бастауыш партия ұйым төрағалары.
– Партияның облыстық филиалының бүкіл бастауыш партия ұйымдарының басшыларын сайлау партиямызды жаңартудағы тағы бір елеулі қадам болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша «бастауыш партия ұйымдары» басшыларының 30%-дан астамы жаңарды, ал 70%-ға жуығы сенім мандатын қайта растады. 2025 жылға дейін «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын, оның ішінде депутаттық корпус пен қоғамдық кеңестің мүшелерін қоса алғанда партия белсенділері қызметінің басым бағытын жүзеге асыру міндеті тұр. Қостанай облысында 1 аймақтық және 20 аудандық Жол картасы бар. Әрбір облыста, қалада және ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету туралы Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы шеңберінде нақты мақсатты индикаторлар мен мерзімдер, сонымен қатар облыстық мемлекеттік әкімшіліктің жауапты басшылары және қадағалаушы депутаттар, мүшелер белгіленген. Қостанай облысында 2215 индикатор мен 6491 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. 2021 жылы аймақтық сайлауалды бағдарлама 20,1%, 2022 жылы – 40,1%, 2023 жылы – 60%, 2024 жылы – 79,9% және 2025 жылы толығымен орындалады, – дейді Бибігүл Аққожина.
Бибігүл Бүркітқызының айтуынша, партия тарапынан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуге облыс көлемінде түрлі мәдени, шығармашылық, тақырыптық іс-шаралар, көрмелер, жәрмеңкелер өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, жоспарға сай «30 игі іс» акциясы жүзеге асырылуда.
Жалпы, әлеуметтік желілер арқылы халықпен кері байланыс жасау практикасы қазірде үлкен сұранысқа ие. Бұл атқарылып жатқан жұмысты ашық әрі нәтижелі жүргізумен қоса, әрдайым онлайн режимде халық назарында болуға көмектеседі. Осы сынды тікелей эфирлер арқасында азаматтар өзін қызықтырған кез келген сұрақтарды қойып, жауабын бірден ала алады.