Жаңа жатақхана
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің 500 орынға арналған жаңа жатақханасы тұсауын кесті. Ашылу шарасына барған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов білім ордаларындағы бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – студенттердің өмір сүруі мен оқудың қауіпсіз және жайлы жағдайларын жасау екенін жеткізді. Қазіргі таңда облыстың 34 колледжі жанынан 25 жатақхана (22 мемлекеттік және 3 жекеменшік) жұмыс істейді.
Елбасының ІІІ әлеуметтік бастамасының арқасында өткен жылдың желтоқсан айында Қостанай жоғары медициналық колледжі жанынан 250 орынға арналған жатақхана пайдалануға берілді. Келесі жылы Қостанай жоғары политехникалық колледжі жанынан 500 орынға арналған жатақхана құрылысы жоспарда.
Құрылыс жұмыстарына 1,3 млрд теңге бөлінген автомобиль көлігі колледжінің студенттер үйі заманауи, жайлы тұру үшін екі-үш кісілік бөлмелері бар, әрбір қабатта бөлек асхана қарастырылған. Ғимарат ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар студенттер үшін толықтай бейімделген (кең есіктер, ыңғайлы пандустар, лифт, тұтқалар). Сондай-ақ бұл өзге өңірлерден келген шәкірттер үшін орындар тапшылығы мәселесін толық шешіп отыр. Айталық, колледжде 1300 студент білім алса, олардың 440-ы баспанаға мұқтаж. Жатақханада тұру құны шамамен 10-12 мың теңгені құрайтын болады.
– Осындай кең жатақханадан бөлме алғаныма қуаныштымын. Бөлмеміздің іші төсек-орын, тумбадан бастап, киім үтіктегіш үтігімен, электр шәйнекке дейін жабдықталған. Мұның сыртында, демалу орындары, тренажер залы, спорт алаңы бар. Ең бастысы, біздің қауіпсіздігіміз үшін жатақхана оқу ғимаратына іргелес салынды. Сол себепті, білім алу жағымыздан ешқандай түйткіл жоқ, – деді колледж студенті Данияр Кәрімжан.
Сондай-ақ, бұл нысанда 24 тұрақты жұмыс орны құрылды. Өрт сөндіру дабылқаққышы, 180 өрт ауыздықтау құралы, 20 бейне камера, инфрақызыл және бактерицидті сәулелендіргіштер орнатылған.
Автомобиль көлігі колледжі алғашқылардың бірі болып облыста дуальді оқыту жүйесін енгізген. "СарыаркаАвтоПром" ЖШС, "АгромашХолдинг" АҚ, "Қостанай трактор зауыты" ЖШС сияқты ірі әлеуметтік серіктестермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Олардың базасында кәсіби практикадан өткен студенттер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие.
Былтыр оқу орны құйма шойын және "КамАЗ" ЖАҚ көпір компоненттерін өндіру зауытын білікті мамандармен қамтамасыз ету базасы болып айқындалды. Ал өткен қыркүйек айынан алғашқы 125 студент жаңа 5 мамандық бойынша білім алып жатыр. Олардың оқу процесін қамтамасыз ету және қазіргі заманғы жабдықты сатып алу мақсатында биыл жергілікті бюджеттен 209 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, былтыр колледж "Жас маман" жобасы аясында 320 млн теңгеге заманауи оқу жабдығын сатып алды. Жалпы, жоба облыстың 10 колледжін қамтиды, оған 3 млрд теңге бөлінген.