Би-аға мұражайына 30 жыл
Әйет ауылындағы Бейімбет Майлин атындағы тарихи-өлкетану мұражайына 30 жыл толды.
Біреу білсе, біреу білмес, құнды жәдігерлер ошағының ашылуына Ұлы Отан соғысының ардагері, Журналистер одағының құрметті мүшесі Иван Дьячков еңбек сіңірді. Ол рудныйлық мұражайды басқарқан кездері Таран (қазіргі Бейімбет Майлин) ауданы тарихының да қатпар-қатпар шежірелерін сақтап қалуды көздеп, жергілікті әкімшілікке мұ-ражай ұйымдастыру керектігін меңзейді. Алайда, ұсыныс бірден іске аспады. Бұл 80-ші жылдардың басы болатын. Уақыт өте 1987 жылы Майлин атындағы совхоздың (қазіргі Красносельское ауылы) басшысы Валерий Тиссен ардагердің идеясын материалдық жағынан қолдап, болашақ мұражайдың іргетасын қалайды. Осылайша, төрт жылға созылған құрылыс жұмыстары 1991 жылдың мамырында аяқталып, оған Би-ағаның есімі беріледі.
Тәуелсіздікпен құрдас мұражайдың қалыптасуына алғашқы директоры Тамара Соловьева, қор сақтаушысы Людмила Дьякова мен аудан тұрғындары бір адамдай атсалысты. Бүгінде ондағы экспонаттардың саны 8000-нан асып жығылады.
Мұражай қызметкерлері – облыстық, республикалық конференциялар мен Тур Хейердал атындағы "Desht-Thor" халықаралық фестивалінің қатысушылары. Отыз жылда ұйымдастырылған көрмелер, экскурсиялар мен басқа да мәдени іс-шаралардың санында шек жоқ. Бұл туралы толық ақпаратпен келушілер "Ашық есік күнінде" танысты. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында "Құпия артефактты іздестіру" атты квест-ойыны да өткізілді.
Ал 30 жылдық мерейтойға орай ұйымдастырыл-ған салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Назгүл Манасова, мәдениет бөлімінің басшысы Светлана Құлжанова, кітапхана, аудандық мәдениет үйі қызметкерлері мен ұстаздар қатысты. Құттықтаулар мен сыйсыяпаттардан соң мұражайдың қазіргі жетекшісі Светлана Рудик үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан әкімдік пен "Варваринское" АҚ басшылығына жүрекжарды лебізін білдірді.
Шара соңы "Мұражайдың өз тарихы бар" атты көрмеге ұласты.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
Б.Майлин ауданы.