Темекі тұқылы – 22 мың теңге
Қостанай ауданының 28 жастағы тұрғыны темекі тұқылын жерге тастағаны үшін тұтылды. "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша сотта әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, "Алау" хабарлайды.
Ол жігіт 17 қаңтар күні Қостанай ауданының Затобол кентінде ауылшаруашылық колледжі ғимаратының алдында шылым қалдығын жерге бейсауат лақтыра салған. Қоғамдық орынды ластап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыпты болып танылды.
Сот шешімімен оған 10 АЕК (22 690 теңге) көлемінде айыппұл белгіленді. Айыпкер бұл шешіммен келіспейтінін айтты. Өйткені ол темекі шеккен маңайда қоқыс салғыштың жоқ болғанын айтып ақталған. Тіпті оқиға орнын суретке түсіріп те үлгеріпті. Артынша сот оның осы уәжін ескеріп, айыппұлды 30 пайызға төмендетті.