Ұлттық дәмхана ашылды
Тобыл өңіріне танымал түйеші, кәсіпкер Алмат Нұрмаханов Рудныйдан «Қыз жібек» деп аталатын этнодәмхана ашты. Енді тұрғындар мен қала қонақтары бұл жерде пайдалы да сіңімді қазақтың ұлттық сусын-тағамдары – шұбат, қымыз, көже, құрт, ірімшік, жент, бауырсақтан дәм тата алады.
Дәмхана бір мезгілде 16 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда ыстық тамақ – ет, қуырдақ немесе ауған қазанында дайындалған асқа алдын ала тапсырыс беруге болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Қыз жібекті» «Ashyq» жобасына қосу жұмыстары қолға алынған. Яғни, дәмхана клиенттерінің статусы «Көк» немесе «Жасыл» болуы тиіс.
Алмат Нұрмаханов түйе шаруашылығымен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Бұған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ERG-дың кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сеп болды. Алмат жеңілдікпен 4 млн теңге несиеге қол жеткізіп, оған бес түйе мен құрылыс материалдарын, қысқы жем-шөп сатып алды.
«Бес жылда түлікті 30-ға жеткіздік. Шұбат өндіруді, түйе еті мен жүнін сатуды жолға қойдым. Ал ұлттық үлгідегі дәмхана ашуды көптен бері ойлап жүрдім. Өйткені, біздің өңірде киіз үйде жайлнып отырып, қымыз ішетін орын жоқ, –дейді кәсіпкер.
Алдағы уақытта Алматтың еліміздің батыс өңірі мен Ресейге апаратын А-22 тас жолының бойында да киіз үй тігіп, этномәдени орталық ашу жоспары бар.
Айбек Ибраев