Министрден жас түлекке үш кеңес

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерге жоғары оқу орнын таңдауға қатысты кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір «қай университетті таңдасам екен» деп ойланып жүрген боларсыздар. Әрине, бұл өте маңызды мәселе. Енді әрбір жоғары оқу орны түлектеріне мемлекеттік емес, өзіндік үлгідегі диплом береді. Келесі жылдан бастап дипломның ғана болуы жеткіліксіз, сонымен бірге нақты білім мен дағдылардың болуын дәлелдеу қажет болмақ. Тіпті оны сертификатпен растау керек болады. Сондықтан мықты оқу орнын таңдап, болашаққа зор сеніммен қадам басуға шақырамын «, – делінген министрдің Facebook парақшасындағы түлектерге арналған жазбасында.
Оның атап өтуінше, оқу құнының арзандығы, сабақты босату, емтихан тапсырмай-ақ оқуды аяқтау сынды «мүмкіндіктерге» қызықпау керек. Бұл жақсылыққа алып келмейтін әрекет. Сол себепті ЖОО таңдаған кезде университеттің беделіне, оқу орнына қатысты жұмыс берушілердің пікіріне, халықаралық аккредиттеудің болуына, тарихына мән берген абзал.
«Өмір атты белесте тек бір рет қана білім алу жеткілікті» деген ескі қағида өз күшін жоғалтты. Табысқа жету үшін біз өмір бойы оқуымыз қажет. Күн сайын жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Өміріміздегі жаңа трендтер – бұл үздіксіз оқу ұғымымен пара-пар», – деді ол.
Сондай-ақ ол Білім министрі ретінде мықты түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырды.
«Өйткені, білім сапасы, елдің болашағы жоғары оқу орындарын аяқтап шығатын мұғалімдерге тікелей байланысты. Бұл – үлкен дәрежеге ие және өте құрметті мамандық. Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру үшін Президенттің тапсырмасы бойынша біз педагогтердің жалақысын белсенді түрде арттырып жатырмыз. Шамадан тыс есептілікті алып тастадық. Болашақ педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия саналады. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады», – деді Асхат Аймағамбетов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓