Бастықтардың тәртібі бақылауға алынады
Қазақстанда жұмыс берушілердің іс-әрекеті қатаң бақылауға алынбақ. Қызметкеріне қоқан-лоқы көрсеткен, жалақысын уақытында бермей, жәбірлеуге жол бергендерді жазалау күшейтілді.
Қолданысқа енгізілгелі отырған заңға сай, әкімшілік құқықты бұзған кез-келген (мемлекеттік мекеме немесе жеке кәсіпкер болсын) басшы 100 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлейді. Бұдан өзге, ісі тәртіптік кеңесте қаралмақ. ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуына қарағанда, жаңа заңда жалақы айырмашылығы да ескерілген. Заң жобасының жасалуына еліміздегі жұмысшылардың жағдайы түрткі болған. Былтырғы жылдың өзінде ғана, еліміздің бас прокуратурасы екі есе еңбек етіп, жұпыны жалақы алудың жүзден астам фактісін анықтаған. Сонымен қатар, жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларды жасыру да арта түскен. Қолданысқа енгізілгелі отырған құжат осы олқылықтардың барлығын да қамтыған дейді, білікті мамандар.