Ұрлықтың алдын алды

Лисаков қаласында күзет қызметкері құны 300 мың теңгеге жуық кабельді ұрлау әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 17 мамырда таңғы сағат 5 шамасында кәсіпорындардың бірінің бекет қызметкері сол маңдағы кранның жанында жүрген белгісіз адамды байқайды. Күзетшіні көрген бөтен қапшығын лақтырып қаша жөнелген.
«Бұл туралы күзет қызметкері мобильді топқа хабарлады. 2 минуттан кейін оқиға орнына басқа қызметкерлер келді. Олар көрші аумақты шолып шықты. Жақын жерде күзетшілер бұталарға тығылған адамды байқады. Күдікті ұсталды. Ол Октябрь ауылының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қаптың ішінде кесілген қуат кабельдерін тапты», – делінген хабарламада.
Облыстық ПД күзет қызметін бақылау бөлімі бастығының міндетін атқарушы Абзал Болатов жеке күзет компаниялары маңызды мемлекеттік және жеке нысандардың қауіпсіздігін жүзеге асыратынын, мүлік ұрлығының алдын алатынын, объектілердің техникалық жабдықталуын қамтамасыз ететінін және олардағы тәртіпті сақтайтынын атап өтті. Күзет дабылы және бейнебақылау құралдарын орнату – қылмыстық қол сұғушылықты болдырмаудың тиімді құралдарының бірі дейді.       

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓