«Музейлер шеруі» Арқалықта
Халықаралық музейлер күніне орай Арқалық қаласындағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстан Республикасының 30 жылдығы мерекесіне арналған «Музейлер шеруі» акциясы өтті.
Шараның салтанатты ашылуында музей қызметкерлерін қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы, қалалық мәслихаттың хатшысы Гүлбану Елтебаева, Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының директоры Нұрлыбек Қасжановтар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Мерейлі мерекеде «Музейлер шеруі» акциясына қатысқан облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі «Ұлы даланың ұлы ұстазы, Жангелдин ауданынан Торғай музейлер кешені «Торғай елі тәуелсіздік жылдарында», Аманкелді ауданының мемориалдық музейі «Тағылымды тарих – тәуелсіз ел шежіресі», Дала өлкесі музейі «Арқалық тәуелсіздік таңында» атты көрмелерінің таныстырылымын ұсынды.
Сондай-ақ, Алтынсарин мемориалдық музейі мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының бірлесіп ұйымдастырған «Ы.Алтинсариннің ағартушылық тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Мұрат
Жүнісұлы
Арқалық қаласы.