Өрт қаупі – ІV деңгейде
Құрғақ ауа райы мен аптап ыстықтың келуіне байланысты өңіріміздегі орман өрті қауіптілігінің ІV деңгейі белгіленді. Осы орайда тілсіз жаудың тұтанып кету мүмкіндігі аса жоғары. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі тобы хабарлап отыр.
"16 мамырда 15:06 шамасында "Таран орман шаруашылығы мекемесі" КММ 52 кварталында 70 гектар аумақтағы шөп пен ағаштарды от шарпыды. 17:11-де от оқшауланып, 18:20-да сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық ТЖД, "Таран орман шаруашылығы мекемесі" КММ, "Өркен" және "Уста" серіктестіктерінің күші жұмылдырылды", – делінген хабарламада.
Ал, бұдан бір тәулік бұрын Сарыкөл ауданының Қоскөл ауылынан 15 шақырым жерде табиғи өрттің тұтанғаны жайында хабарлама түскен екен. "Урицкий орман шаруашылығы мекемесі" КММ және жергілікті "Бродюк В.И." шаруа қожалығының күшімен Қоскөл тоғайында жанып жатқан 5,6 гектар аумақтағы құрғақ шөп пен ағаш шөркелерінің жануы ауыздықталыпты. Жапа шеккендер жоқ. Өрттің себебі – егістіктегі орылған шабындықтың орнында өрт қауіпсіздігін сақтамау.
"Осы себепті, төтенше жағдайлар қызметі егістіктерде от жағуға, соның ішінде ауыл шаруашылық мақсатында құрғақ шөпті өртеуге қатаң тыйым салынатынын ескертеді! Қазіргі уақытта өрттердің шығуына басты себеп – адам факторы болып отыр", – дейді төтенше-ліктер.