Биге қойылған белгі
…Қызғыштай қорып ел-жерін,
Жаулардың жойып көздерін.
Құдайсүгір, ұлы Қосеттің
Құшақтап жатыр өз жерін.
Сәния Қабылова.
Қарабалық ауданына қарасты Победа ауылының маңында ескі қорым бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, мұнда бақилық болған кісілердің алды жүз-екі жүз жыл шамасы бұрын жерлене бастаған. Қарабалық Қыпшақтан шыққан атақты Құдайсүгір Қосетұлының зираты осында. Белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет осыдан бірер жыл бұрын Алдаберген Бейсенов ақсақал және Бақытжан қажыны ертіп, бабалар қорымына зиярат еткенін айтады. «Зиратта жерленген басқа кісілер туралы толық мәлімет беру өте қиын. Өйткені, қабірлер жермен жексен болған. Он бірінің құлпытасы сақталған. Олардың сегізі Қарабалық Қыпшақтың Жөке руынан, біреуі Торайғыр руынан, біреуі Кіші жүздегі Алшын руынан деп жазылған екен. Қалғандарының құлпытастары сынған, жоғалған. Ол арада кімнің денесі жатқанын кесіп айту мүмкін емес. Бұл құлпытастардың басым көпшілігі 1878-1901 жылдары аралығында қойылған. Жөке руынан тарайтын Балжан Қайыпұлы, Ахмет Балжанұлы, Қарқынбай Қырықбайұлы, Күнсұлу Сынаққызы, Бағырман Ақкелінұлы, Мұсабай (тегі өшіп кеткен), Байжан Қарақұлұлы (Кенжебай тармағынан деп жазылған) деген кісілердің тасқа қашап жазылған есімдері анық сақталған», – дейді ол.
Аудан орталығында тұратын Бақытжан Әлжанов ақсақал ертеде бұл зиратқа зиярат етуші келімді-кетімді кісілер көп болушы дегенді айтыпты. Дәл осы қорымның алдыңғы жағында кезінде үлкен оба үйілгенін байқауға болады. Бүгінде ол әбден шөккен. Кішігірім үйіндіге ұқсайды. Бірақ, көлеміне қарап оның заманында үлкен оба болғаны анық білінеді. Әдетте, қарапайым адамдарды жерлегенде басына оба үймейді. Демек, мұнда Құдайсүгір бидің жатқаны анық. Зерттеушілер осылай деп топшылайды. Оның іргесіндегі жазулар өшіп кеткен. Көне белгітас бар. Белгітаста кісі есімі жазылмаса да, төменгі жағында Қыпшақ руының таңбасы – қос әліп белгіленген. Ақылбек ағамыздың Құдайсүгір би туралы «Фолиант» баспасынан 2001 жылы жарық көрген «Пирамида», «Тайбағар» деген кітаптарында біраз мәлімет келтірілген. Оларды кезінде облыстық радиода қызмет істеп жүргенде Жанқожа әулетінен шыққан қарт ақын Өтеміс Қалабаев және Жөке Қыпшақтың шежіресін жинаушы, қадірменді ақсақал Асылбек Тәшпаевтың айтқан әңгімелерінен таспаға жазып алған. Ақын соның кейбіреуіне тоқталды.
Ертеде Көлденең және Қарабалық Қыпшақтардың игі жақсылары бас қосады. «Осы ылғи төре тұқымынан хан қоя береміз бе? Қара қазақтың баласы да тақтан құламайды», – деп Қарағыз руынан шыққан Мәметек Жауғашарұлы деген кісіні ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Ел жайлауға көшіп, әбден жайланып алғаннан кейін ауыл ақсақалдары ханға келіп: «О, хан ием, құдайға шүкір, ханымыз бар, биіміз бар, еліміз бар, еріміз бар, мал-жан, жер-су – бәрі көңілдегідей, бірақ, бізді Алланың ақ жолына салатын пір керек, соны табу керек еді», – депті. Сонда ханның бас уәзірі болған Қосет батырдың ұлы – Құдайсүгір би: «Пірді мен табам. Малдың төрт түлігінің құтын жинап әкеліңдер!» – деп уәлі сөз айтады. Ауылдың жөн білетін кісілері кілең бура, айғыр, бұқа, қошқар, текені қырық-қырықтан әкеліп, би бар малды алға салып айдап бару үшін жанына қырық кісі ертіп жолға шығады. Марал ишан бабамыз бұл кезде Бұқарадан дін оқуын тауысып, Жаппастардың елінде жүр екен. Ақтөбе мен Торғайдың шектескен жерінде жолаушылар Өлгейік өзенінің бойынан Марал ишанды тауып, сәлем береді. Ишан сонда: «О, мүсәпірлер, сапарларың оң болсын!» – дейді. (Мүсәпір деп ол кезде жолаушыны айтқан) Сонда Құдайсүгір: «Уа, пір ата! Жаратқан иеміз әуелі бір нұр жаратты деп еді, сол нұрдан жер жаратты деп еді, оған жолдас болсын деп Ай менен Күнді жаратып еді, сол жерде Қаратауды ықтап келген деп ел жаратып еді, сол елге пана болсын деп хан жаратып еді, ханға әділдік айтсын деп би жаратып еді, ақырында Аллаға тура бастап баратын пір жаратсын деп еді, сол пірді сіз болар деп алыстан арнайы келіп отыр едік, жолымыздың оңы сізден болсын!» дейді. Марал ишан оларды бірнеше күн қонақ қылады. Құдайсүгір биді сынап, жиі сөйлетеді. Би сөзін аяқтағанда, ишанның риза болғаны сондай: «Солай, солай! Сөйлей түс, Құдайсүгір би!» – деп көтермелеп отырады. Бірде қымыз ішіп отырғанда «Уа, би! Сізден бір ауыз сөз сұрайын», – дейді Марал ишан. «Сұраңыз, білсем айтайын, – дейді Құдайсүгір. «Дүние деген не?» дейді. Сонда би:
«Дүние деген шолақ,
жан денеге қонақ,
ажал жетіп өлсе,
көрген баққан сол-ақ,
Дүние деген осы,
ешкім де емес досы.
Егер болса досы,
Қисаймас еді қосы.
Дүние бір қара қатын,
Бүгін біреуге, ертең басқа кісіге
тиіп жүре беретін затың!» – депті.
Құдайсүгір бидің: «Бойға сіңген жаманшылық, тастау қиын оны сылып, үйге кірсе, толған жылан, адам шағар бойы жылып», – деп тауып айтқан сөздері ел аузында жүр. Бұл сөз бейіт басына жазылды.
Марал ишан: «Сіздерге пір болуға жарайды деп Аққожа деген он екі жасар баланы береді. Ол Қарабалық ішіне сіңіп, имам болады. Бұл баладан Тұрсынбай туады. Тұрсынбайдан – Еруәлі, Еруәліден Серәлі ақын туады. Серәлі қазақтың атақты журналисі, Өрнекте туып-өскен Мұхамеджан Сералиннің туған әкесі. Қарабалық арасында Қожа тұқымы осылай пайда болған.
– Біздің ұстазымыз, профессор Бейсенбай Кенжебаев өзінің еңбегінде: «М.Сералин – Қыпшақ ішінде Танабұға тайпасынан, соның ішінде Қожа», – деп көрсетеді. Шын мәнінде Қожа қазақтың үш жүзіне де жатпайды. Ақын Сәнді Ақылай менің би туралы жазғанымды оқып шығып, жақында тағы бір мәлімет берді. «Бір өлеңім бар еді. Біреуден естіген едім. Баяғыда үш салт атты келе жатса, алдарында аппақ тоқым жатады. Үшеуі қатты қызығады. Сол кезде қайсымыздың сөзіміз өтімді шығады, тоқым соныкы болсын дейді. Сонда біріншісі. «Ақсақалы ауылдың Құдайсүгір, Екіншісі: «Өзі аласа, көзі көк қыздан түңіл, Үшіншісі: «Айдаладан табылған ақ тоқымды, құдайым балдай батып, судай сіңір», – депті. Үшіншісінің сөзі өтімді болып, тоқым соған бұйырған екен, – дейді Ақаң.
Құдайсүгірдің әкесі – Қосет батыр да тегін кісі емес екен. Ол Абылайханның белгілі батыры болған. Қосет батыр туралы түрлі әңгіме бар…
Бұл әңгімені одан әрі жалғай түскен Алдаберген Бейсенов ақсақал Құдайсүгір би Қарабалық Қыпшақтың екінші ұлы – Шоманақтың тоғызыншы ұрпағы деген деректі алға тартады. Жоғарыда айтқанымыздай, бидің әкесі – Қосет Абылайдың һас батыры болған. Сонау жаугершілік заманында хан жоңғарлармен шайқаста көзсіз ерлік көрсеткен Қосет батырға есімі жазылған туды тарту еткен деседі. Қосет батырдың туған жылы туралы анық дерек жоқ. Бірақ, Абылай жорығы шамамен 1761 жылы аяқталса, Құдайсүгір 1765 жылы өмірге келуі мүмкін дейді шежіреші қарт. Алдаберген қария бұл араны кезінде Кіші жүзден шыққан Жағалбайлы руы жайлаған деп отыр. Олардың малының көптігі сондай, Өрнектен Бредіге дейін құжынаған түліктен жер қайысады екен. «Жағалбайлы, малының көптігінен баға алмайды» деген сөз осыдан шықса керек. Кіші жүзден шыққан Маңдай батыр қайтқаннан кейін Жағалбайлы ұрпақтары ішкі жаққа қарай үдере көшіпті. Бұл маңның топырағы құнарлы, шөбі шүйгін келетінін жақсы білетін Қарабалық қыпшақтар көштің бетін осылай бұрған деген деректер бар.
Жергілікті ауыл тұрғындары әлмисақтан би жерленген зиратқа келіп, құран оқып тұруды дәстүрге айналдырған көрінеді. «Мына жерде кемінде екі мыңдай адам жерленген. Арада қаншама су ақты. Жылдар озды, ғасырлар алмасты. Қазір қабірлердің бар-жоғы онша білінбейді. Тек, кейбірінің басында қалған қалақтай құлпытастар қорымның қай кезге тиесілі екенін айғақтайды. Біздің дерегімізше Құдайсүгір бидің туғанына биыл 256 жыл болып отыр, – дейді. – Мына табанда үлкен көл бар. Бір кездері осы көлді алқа-қотан жайлап отырған ел Күркеаяқ деп аталыпты. Одан Қосет батырдың қыстауы болған. Кейін Мағынай деп аталды».
Көптен бері қараусыз жатқан көне қорымды Алдаберген ақсақалдың бастамасымен Қарабалық Қыпшақтан тараған ұрпақтар мал баспасы үшін жағалай орлап, Құдайсүгір бидің басын қарайтты. Қарабалық кентінің кіреберісіндегі Қарабалық батырға орнатылған еңселі ескерткіштің басына тәу етіп, одан әрі көрші мемлекеттің дәл іргесінде жатқан Победа ауылына сапар шеккен үркердей топ қорым басында әруақтарға құран бағыштады. Биге қойылған белгінің шымылдығын түрді. Осы жерде өткен тарихқа аз-кем шолу жасалды. Содан соң Новотроицк ауылының асханасында ас беріліп, бабалар рухына тағзым етті. Ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды кеш үстінде халқымыздың ұлттық болмысы, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, ел мен жерді қастерлеу, ата-баба аманатына адалдық таныту сияқты кесекті ойлар, уәлі әңгіме айтылды.
Қостанай-Қарабалық-Қостанай.
Суреттерді түсірген автор.