Көпен ӘМІРБЕК: «Күнделікті күлдібадаммен күлдіру – өнер емес

Таяуда Тобыл өңірінде сатира саңлағы Сейіт Кенжеахмет атындағы "Мірдің оғы" республикалық әзіл-сықақ фестивалі өтті. Бұл өнер думанына танымал сатирик ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Алаш" сыйлығы және "Парасат" орденінің иегері Көпен Әмірбек арнайы келіп, әзілкештер жарысына қазылық жасаған еді. Фестивальден соң ағамызбен жүздесіп, сұқбаттасудың сәті түсті.
 – Аға, фестиваль қалай өтті? Көңіліңізден шықты ма? Сапа деңгейі, болашағы туралы не айтасыз? Қандай да бір сын-ескертпелеріңіз бар ма?
 – Қазіргі кезде әзіл сүйетін әлеуметтің арасында "Қазақта сатира бар ма, жоқ па, болса қайда кетті?" деген сұрақ жиі қойылып жүр. Қазақстанның қазба байлығы жердің қойнау-қатпарында жасырынып жатқаны секілді, қазақтың қалжыңқойларын қара орман халықтың ішінен іздеу керек. Осы мақсатта 2019 жылы Арқалық қаласында Сейіт Кенжеахметтің 80 жылдығына орай "Мірдің оғы" фестивалінің тұсауы кесілген еді. Тек ол кезде облыстық деңгейде ғана өтті. Сырттан Ақтөбенің "Екі езу" театры ғана қатысты-ау деймін. Ал бұл жолы елдің әр бұрышынан он театр жиналды. Ә дегенде-ақ белгілі болғаны – "Екі езу" ұжымы көрінісімен, көркемдігімен, режиссерлік шешімімен ерекшеленіп, алған тақырыпты терең меңгергені, отбасы-ошақ қасындағы жеңіл-желпі әңгімелерге емес, әлеуметтік мәселелерге мән бергені бірден көзге түсті. Қатардан қара үзіп шыққаны сондықтан. "Құйрық тістесіп" келген тағы бес үміткерге арнайы номинациялар бойынша жүлде тағайындалды. Атап айтқанда, М.Әуезов "қырғи тілді" деп баға берген Асқар Тоқмағамбетов атындағы,"әр сақалының түбінде сайтан ұялап жататын" (бұл да М.Әуезовтің пікірі) Садықбек Адамбеков, шоқ тілді Шона, от тілді Оспанхан атындағы, сондай-ақ, кеше ғана дүниеден озған қостанайлық азамат, тамаша сатирик Ғұмар Ахметчин атындағы сыйлық лайықты иелерін тапты. Жүлдегерлердің әрқайсысын талдап, жіктеп-жіліктеп, суреттеудің керегі жоқ шығар. Қай-қайсысы да қалыспай-беріспей өнер көрсетті. Баяғыда бір тұлпар ұйыққа батып, шыға алмай жатқан екен, жұрт арқан байлап жұлқиды, құйрығынан тартады – нәтиже болмаса керек. Сонда бір ақсақал: "Тұлпарды олай тұрғызбайды, қасынан бір үйір жылқы өткізіңдер, егер шын тұлпар болса, өздігінен атып тұрады. Тұра алмаса, тұлпар емес", – деп кеңес беріпті. Әбігер жұрт ақсақалдың айтқанын істегені сол екен, әлгі тұлпар екі құлағын қайшылап, осқырынып алып, батпақтан атып шыққан көрінеді. Мұны айтып отырған себебім – Сейіт фестивалінде әлеуеті зор әртістердің аз еместігіне көз жетті. Бәрі де ұйыққа батып жатыр екен. Қостанайда осындай дүбір болады дегенді естігендердің барлығы ұйықтарынан жұлқынып шығып, бәйгеге қосылды. Соған риза болдық. Бұдан былай осы фестивалді, құдай қаласа, елордада өткізсек деген ұсыныс алға қойылып отыр. Бұған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бастаған, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Дәмер Қалқаев қостаған азаматтар, өнер жанашырлары ат салысуға ниетті. Мұның дәстүрлі фестиваль ретінде отауы елорда төрінде орныққанын бәріміз қалаймыз.
Жалпы, Қазақстанда 54 мемлекеттік, 18 жекеменшік әзіл-сықақ театры бар. Бірақ солардың ішінде мемлекеттік деңгейде қаржыладырылатыны – екі-ақ театр:  "Екі езу" мен "Шаншар". Бұл қос театрды қанша жерден деңгейі биік десек те, олар, өңірлерде орналасқандықтан, "республикалық сатира театры" деген дәрежеге толық жете алған жоқ. Сондықтан елордада немесе Алматыда жеке әзіл-сықақ театрының қазығы қағылуы керек-ақ. Ал мына фестиваліміз сондай жобаның жоқшысы, іздеушісі дей берсек болады. Түбі мақсатына жетпей қоймайды деп сенемін. Өйткені бүгінгі қоғамның рухани айнасына айнала алатын, күлкіні қару ететін күрескер, тамаша бір театр керек. Әбден дендеп алған жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс, парақорлық, аярлық, ашкөздік, қомағайлық, тойымсыздық – отыз жыл бойы отап құртуға бой бермей келе жатқан сойқан індет. Онымен рухани тұрғыда күресу міндет. "Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады" деген әлемдік деңгейдегі ғұламалық сөз бар. Оны біздің қазақ: "Е, құдай, досқа таба, дұшпанға күлкі қыла көрме" дейді. Астары қалың сұмдық сөз ғой. Сейіт ағамыздың да: "Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім" деген қанатты сөзі ел аузында қалған жоқ па. Сондықтан көркіне де, байлығына да әлем көз тігіп отырған елді тұралатып келе жатқан әлгіндегі кеселдермен күреске әзіл-сықақ театрлары да зор ықпал жасар еді. Міне, соның бастамасы осы фестиваль-ау деп ойлаймын.
Болгарияның Гавро қаласында, жарты ғасырдан асты, дүниежүзілік сатира фестивалі өтіп тұрады. Оған Америкаң, Жапония, Қытай, Африкаң, бүкіл еуропа елдерінің бірі қалмай жыл сайын қатысады. Онда карикатурадан романға дейінгі сатираның барлық жанры бар. Әрқайсысының жүлдесі – 1 млн доллар. Әлемге әйгілі әзілкеш Әзиз Несин сол бәйгені екі рет жеңіп алған екен. Ол 2 млн долларға жетімдер үйін салып, 18 қамкөңіл баланы асырап алып, Түркияның болашағы болады-ау деп оқытып-тоқытқан көрінеді. Мұндағы айтпағым – әзілкештер әлеуметті ғана ізгі мұраттарға шақырып қоймай, өздері де өнегелі тұлға ретінде қалыптасар ма еді, биіктерге, басқа деңгейлерге талпынар ма еді деген ой. Осы тұрғыдан алғанда фестивальдің болашағы бар. Бұл – көркем дүниені көже-қатыққа айналдырып, соны малданып, тапқан-таянғанға мәз болып, көйлектің көктігі мен қарынның тоқтығына жасалып жатқан жоба емес. Ол кері тартқанды бері тартатын тәлім-тәрбие құралына айналуы тиіс.
-Қазіргі сатираның ахуалы қалай? Біз бүгін қандай әзілге күліп жүрміз? Күлкіміз арзандап кеткен жоқ па?
-Күлкіміз арзандаған жоқ. Оған деген биікте, билікте отырғандардың көзқарасы арзандап кетті. Кеңес үкіметі кезінде "цензура" деген болған. "Ананы айтпа, мынаны тілге тиек етпе, оны астарлама" деген секілді тосқауыл бар-тын, жолыңа ор қазатын, қақпан құратын. Ол – азуы алты қарыс сықақшылардың аузына қақпақ қою деген сөз. "Екі елі аузыңа – төрт елі қақпақ" дейтін сөзіңнің орысшасы – осы цензура. Жасыратыны жоқ, бізде оның жұғыны әлі де бар. Мәселен, Бурабайда өткен сықақшылар фестиваліне қазылар алқасының төрағасы ретінде талай қатыстым, сонда небір сұмдық әлеуметтік, қоғамдық мәселені қопарып қозғайтын көріністер болды. Бірақ телеарнадан жіберетін кезде қырқып тастады, шолтиды да қалды. Бұдан кейін әзіл-сықақшылар да "е, мынаны айтқызбайды, айтсақ та кесіп тастайды, босқа арамтер болып қайтеміз?" дейді де, солардың ығына жығыла бастайды ғой. Бұдан соң күлкі арзандамағанда қайтеді? Осы түйткілді қалайда бір ақылдасып, талқыға салып, бір жағына шығару керек-ей. Өйтпесе болмайды… Дүние жүзіне танылған қытайдың Лао Шэ немесе түріктің Әзиз Несинін алайық, мемлекетті мешеулейтін кеселдерді керемет суреттеп, қоғам дертін күлкімен ұшықтаған. Олар да өз елінде кезінде қуғынға ұшырады. Мысалы, Несин басқа ныспымен, әртүрлі ата-текпенен дүниежүзілік байқауға қатысып, бас бәйгені жеңіп алғаннан кейін, әлемді бас идірген соң ғана Түркия амалсыз мойындады. Ол биліктің ыңғайына жығылған емес, қоғамның "ауруын жасыруға" қағидалы түрде қарсы тұрды. Цензура деген сол – "ауруыңды айтпа, өлсең де жасырып өл" деген сөз ғой. Қазір, былайша айтқанда, біздің еліміз науқасын жасырып, халі нашарлауға айналған дімкәс сыңайлы. Қайғысы мен ызасына тұншығып, жанын ауыр дерт жаныштап жатқан секілді. Ал осы кесірлі кеселді кесіп тастайтын "емхана" әзіл-сықақ театры емес пе! Билікке керегі не – халықтың тыныштығы ғана, "ана-мынаны айтса, халық шулап кетеді" дегеннен танбайды. Бұның, керісінше, тәрбие, тәлім, таным құралы екені қаперлеріне кіріп-шықпайтыны қынжылтады.
Жоғарыда айтқан Болгарияның Гавросында әлгі әлемдік фестивальді ұйымдастыратын үлкен ғимараттың кіреберісіне "Әлемді әзіл-сықақ сақтайды" деп жазып қойыпты. Оған дейін Достоевскийдің "Әлемді сұлулық сақтайды" дегенін білетін едік. Сөйтсек, расымен де, жаның таза, иманың бай болса, күнә былай тұрсын, кінәң болмаса, сұлулық деген сол екен де. Беттің жылтырағаны емес, көркем болмыс қана адамды сұлу етсе керек. Демек, кемшілік-кемістерін айтып отырып, әлемді сұлу болуға итермелейтін – осы сатира, сын-сықақ, әзіл-әжуа…  Енді бір өкініштісі, Қазастанның бірде-бір сықақшысы, әлем былай тұрсын, одақтық деңгейде көріне алған жоқ. Ал әлем назарына түсу үшін ауқымды әрі лайықты деңгейдегі еңбектер жазылуы керек-ақ. Бұл тұрғыдан алғанда қазақта Садықбектің "Атылған қыз туралы аңызынан" басқа сатиралық роман жоқ, одан кейін мұндай көлемді дүние жазылмады да. Өмірден 51 жасында озған аса дарынды Оспанхан ағамызға зор үміт артылған еді, бірақ ол кісі драматургияға, комедияға бармады, өзінің жанына жақын жанры – шағын әзіл-сықақтармен қолтаңбасын қалдырды. Ендігі үміт – әрине, кейінгі толқында, өскелең буыннан күдерліміз. Ал оларды тап басып тану, қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар сілтеу – біздің мойындағы міндет.
-Қазір "Жайдарман", одан қалды Тұрсынбектің "КТА" секілді ойындарының көрермені көп. Әсіресе, жастар арасында кеңінен танымал. Өзіңізді де осы жобаларға қазылыққа жиі шақырып жатады. Бірақ бұларды ұнатпайтын, ұдайы сын айтып отыратын ағайын да баршылық. Қалай ойлайсыз, шынымен де сахнаға жілігі татымайтын, арзанқол әзілсымақтар жиі шығып кетіп жүрген жоқ па? Әлде талғам өзгеріп бара ма?
– Былай ғой… Расул Ғамзатовтың 60-жылдары поэзия туралы айтқан мынадай пікірі бар: "Қазір ақындар көбейді. Әр ақынның өз стилі, бет-бейнесі, ерекшелігі болуы керек-ті. Егер ақындар поэзиясын құсқа теңейтін болсақ, біреуі қырғи, екіншісі лашын, тағы басқасы қарлығаш секілді әртүрлі болуы қажет. Егер біздің қазіргі ақындардың жүз шақтысын жинап алып: "Ал, қолдарыңдағы поэзияны ұшырыңдар",- десек, кілең шымшық пен торғайды көрер едік. Қайсысының кімдікі екенін адам ажыратып болмайды", – депті әйгілі ақын. Біздегі жағдай осы болып отыр ғой. Бір-бірлеп жетектеп алған театрларының ұсынып жатқан шығармаларына қарасаң, барлығы Ғамзатовтың сол "шымшық-торғайларына" ұқсас. Көксейтіндері – танымалдық пен табыс, жеке бастың пайдасы, жан қинамай "жұлдыз" болудың айласы. Оны кімнен көреміз? "Жиғаныңа емес, иманыңа қуан" деуші еді қазақ. Ал біз мұны керісінше пайдаланатын болдық. Қазір шығармашылық ізденіс, дара жол табуға ұмтылыс, рухани тұрғыда баю бір бүйірге ысырылғандай. Бір-бірін қайталай беру ұят емес, сәнге айналды. Есен Елеукеннің "Жайдарманы" мен Тұрсынбектің "Көңілді тапқырлар алаңы" алған тақырыпты қарасаң, егіздің сыңарындай ғой. Бірінің айтатынынан екіншісінікінің айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, қай-қайсысының да көрермендері өте көп. Жастардың таңдауы, керек ететіні сол. Әйтпесе, отбасы-ошақ қасының әңгімесімен, күнделікті күлдібадаммен күлдірудің несі өнер? Ал жастардың нені жақсы көретінін "беске білетін" әлгілер сол аудиторияның жетегінде кетеді. Көрермендердің жетегінде кеткеннен кейін қалай оңасың? Керісінше, әзіл-сықақ деген көрерменді жеңіл күлкімен желбуаз қылмай, күлдіре отырып ойландыруы, соңына ертуі керек қой. Жоқ, жас буынның талғам деңгейіне түсіп жатырмыз. Міне, көп көрерменнің бұл жобаларға көңілінің тұшымайтын себебі осы.
– Кезінде Сейіт ағайлар "Тамашаға" 30 жылдай жазып келді. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен қаншама автор туындыларын жолдап отырды. Қазір ше? Қазіргі әзіл-сықақ театрлары тарапынан сатирик-жазушыларға деген сұраныс, өзара әріптестік қатынас бар ма?
– Сол кезде "Тамашаның" тамаша болған себебі – авторлар көп еді ғой. Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбаев, Жүсіп Алтайбаев, Қажытай Ілиясұлы, торғайлық Марат Нұрқалиев, шығыс қазақстандық Марат Сақатов, Сейіт Кенжеахметов, Берқайыр Аманшин, Асқар Битановтар театрды тұма туындыларымен сусындатып келді. Бүгінде бұлардың барлығының көзі кетіп, сөзі қалды. Ал қазір автор жоққа тән. Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәштер 90-ға келді. Сиыр да суалады ғой, ол кісілер де берерін беріп болды, сарқылды. Біз де жетпістің желкесіне шықтық, мінекей. Суалғандай өмір сүріп жатырмыз. Қуанғандай кейінгі жастарға қол шапалақтайық десек, кімге қошемет қыларымызды білмейміз, өйткені көзге ұрып тұрған керемет ешкімді көре алмаймыз. Толстой "Соғыс және бейбітшілік" романын жазып біткеннен кейін: "Енді орыс әдебиеті менен кейін біраз жыл демалады", – деген екен ғой (күлді). Сол секілді Асқар, Оспанхан, Шона, Сейіт секілді қазынакеуде ағаларымыз қаншама керемет дүние тудырып, кезінде үлкен дүбір жасады. Оқырмандар мен көрермендерге зор құштарлық сыйлап, қызығушылықтарын оятты. Сол кісілерден кейін қазақ сатирасы қалың ұйқыға кеткен сияқты, әлі оянған жоқ. Сілкініс, серпіліс жасайтын дарындар керек. Көп тостырмай келетін шығар, әкесінің бойында, шешесінің ойында жүрген болар талай дарын. Кім білсін? Бір анығы – қазір жақсы сатириктерді санасаң, көп саусағың бүгусіз қалады…
– Осындайда әлгі бір әзіл өлеңіңіздегі: "Олай-бұлай шолсаңыз, көп емеспіз онша біз" дейтін жолдар еске түседі… Аға, өз шығармашылығыңызда не жаңалық бар? Не жазып жүрсіз?
-Мен шығармашылықты әу баста, мектеп оқып жүрген кезде балалар әдебиетінен бастағанмын. Сатираға студент шағымда ауыстым. Енді қазір сол балалар әдебиетіне сағынышпен оралып, қызық болсын деп, қайтадан осы салада еңбектеніп көруді жөн санадым. Жаңылтпаш жазуға әуесім ауды. Көп жазылмай кетті ғой бұл. Бүгінде балалар әдебиетінің бірді-екілі өкілінің жазғандарын көз шалады. Бірақ қазір көбісі ұйқас қуып кетті. Жаңылтпаштың міндеті ұйқас құрау емес, тіл сындыру ғой. Соны шатастырмау керек. 1-2 айдың ішінде 130 жаңылтпаш жаздым. Жинаққа "Жатыпатар жаңылтпаш" деген атау қойып, оны баспаға тапсырып жатырмын. Қазір, өзі, ана тіліміз ақсап басып, адыра қалғандай күй кешіп келеді ғой. Ахуалын түзетуге титтей де болса үлесі тисе, осы кітапты мектептерге, балабақшаларға таратсақ, балдырғандардың қолына жетсе, игілікке жараса деген ниет менікі. Қарадомалақтарымыз қазақ тіліне қарай ұмтылсын, қазақ тілі иірімдерін, иір-шиырларын игеріп, тіл сындырсын, сөйткенде ғана ана тіліне деген құштарлықтары артар деген ой арқау болды. Зер салып қарасақ, қазір жаңа жаңылтпаштар жоқтың да қасы. Баяғы ел аузындағылары айтыла-айтыла ескірді, бұл заманға ол жаңылтпаштардың мінезі де келмейді. Осы олқылықтың орнын толтыруды қаламгерлер жоспарға алуы керек-ақ.
Мұның сыртында, бір комедиялық туынды бастадым. Оны жазамын дегеніме жиырма жыл өтіпті. Қателігім – соны дер кезінде жазып тастамағаным. "Бәрібір шығармайды ғой" деп жаба салып едім. Шегінгенім бекер болған екен. Қазір көмескілене бастаған көп ойымды қайта жаңғыртуға, оған қажыр-қуат жұмсауға тура келіп жатыр. Тақырыбын "Бес саусақ" деп қойдым. Бұл шығарма арқылы бүгінгі қомағай заманның бет-бейнесін көрсетсем деймін. Тәмамдауға таяп та қалдым деуіме болады.
-"Жауынгер жанрға" таңдауы түскен ізбасарларыңызға өз тәжірибеңізден қандай кеңестер айтасыз?
– Біз бұрын зерек нәрсе жазатынбыз, қазір мына қоғамға керек нәрсе жазу қажет екен. "Қоғамның дерті не?" деген сұраққа тереңірек үңілу сатира жолына түскен қаламгердің міндетіне айналуы шарт деп білемін. Сосын мейлінше еңбекқор болу керек. Мысалы, Қадыр ақын неліктен Қадыр болды? Ол – уақытын бос жібермеген адам. Мүмкіндігін 100 пайыз тиімді пайдалана білген. Кезінде маған Мұзафар Әлімбаев ағамыз да: "Көпен, күніне бір бет жаз. Бір жылда 365 күн бар. Құрығанда жылына бір кітап жазып тұрасың", – деуші еді. Біз оны тыңдаған жоқпыз. "Әй жазамыз ғой, әлі-ақ ұрып тастаймын, бір-ақ қайырамын, уақыт бар ғой" дедік. Сөйтсек, уақыт жоқ екен. Асылында, уақыт, заман бір орында тұрады екен де, керісінше, адамдар өтеді екен өмірден. Сөйтіп, біз де осы уақыттың қадірін жете ұға алмаппыз ғой. Әлдебіреу менен: "Өмірге қайта келсеңіз, не істер едіңіз?" – деп сұраса, берер жауабым біреу-ақ: "Егер өмірге қайта келер болсам, барлық уақытымды шығармаға жұмсар едім". Иә, менің уақытымның 90 пайызы басқа дүниеге шығын болып, шығармашылыққа он-ақ пайызын пайдаланған екем. Қалғанын мамандығыма, тергеу-тексеру қызметіне жұмсаппын. Қазақстанның мен бармаған аймағы жоқ. Жылап-сықтаған, шағым айтып, арыз түсірген адамдардың мәселелерін шешкенге мәз болып жүріппін де, әдебиет мәселесін шешусіз қалдырыппын. Бар жазғаным – әртүрлі жанрдағы 20 шақты кітап.
Баяғыда бір керемет өнерпаз жігіт өтіпті дейді ғой. Кереметтігі сол – он метр жерге ине қадап қойып, соның көзінен жіп өткізеді екен. Осы хабар патшаның құлағына жетеді де, өнерпазды сарайына алдырады. Жігіт патшаның көзінше қабілетін көрсетеді. Билеуші одан: "Осыны үйрену үшін қанша уақытың кетті?" деп сұраса, анау: "20 жыл!" – деп жауап береді. "Онда мынаған 20 алтын беріңдер, сосын 40 дүре соғыңдар" – деп бұйырыпты патша. "Ойбай-ау, әміршім, өнеріме деп берген 20 алтыныңыз дұрыс-ақ, 40 дүреңіз не?" деп жыларман болыпты өнерпаз жігіт. Сонда патша: "Ешкімге, ешнәрсеге ешқандай пайдасы жоқ өнерді үйренуге осынша уақыт жібергенің үшін саған 40 дүре соғылады", – деген көрінеді. Осы секілді, біреулердің пайдасын ойлап, мәселесін шешуге қарайған уақытым жұмсалып, ал өзіме керек нәрсемен көбірек айналыспағаным өкіндіреді. Сондықтан "маған осы 40 дүре соғатын адам бар ма, жоқ па?" деп ойлаймын кейде. Егер соғам десе, арқамды тосар едім.
Кезінде "Ара" журналының бас редакторы болған Нұрхан Шәкеев ағамыз Исай Калашниковтің атақты  "Жестокий век" романының 2 томын аударғанда 46 жаста еді. Сол жасында оның 25-тегі маған:"Әй, Көпен, мен уақытты жіберіп алыппын. Талай роман, драматургиялық жұмыстарым бар еді. Соны әне жазам, міне жазам деп жүргенде ойларымның бәрі ескіріп, күңсіген көйлек секілді тозып кетті", – деген сөзі есімде. Бірақ оның өзі маған сабақ бола қойған жоқ. …Бұл әңгіменің бәрін кейінгі жастар уақытты тиімді пайдалану керек екенін көкейлеріне түйіп алса, аға буынның өкінішін қайталамаса екен деген ниетпен айтып отырмын.
 -Әңгімеңізге көп рахмет!
 
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓