Аймақ басшысының құттықтауы
Құрметті қостанайлықтар!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның жауынгерлік қалқаны – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру басталды.
Бұл күн ерліктің, батылдық пен патриотизмнің символы болып саналады. Бүгін біз өз өмірін қиын әскери қызметке арнаған, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын лайықты түрде қамтамасыз еткендерді құрметтейміз. Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде біз әскери қызметкерлеріміздің тұрғындардың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қамтамасыз еткеніне куә болдық.
Еліміздің Қарулы Күштері Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жауынгерлік даярлықтың, жарақтандырудың және ұтқырлықтың жоғары деңгейіне қол жеткізді.
Қарулы Күштерде қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндетіне, аға ұрпақтың батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген ерліктің қуатты адамгершілік мектебіне айналды. Жыл сайын Қостанай облысында мерзімді қызмет өткеру үшін мыңнан астам жас азамат әскер қатарына шақырылады.
Бұл күні біз Ұлы Отан соғысының және жергілікті ұрыс қимылдарының ардагерлеріне алғысымызды білдіреміз, олар шынайы патриотизмнің, адалдық пен Отанға шексіз қызмет етудің үлгісі болып табылады.
Қадірлі жерлестер!
Біздің бірлігіміз бен тұтастығымыз барлық қиындықтарды жеңуге көмектеседі! Туған жердің тұрақтылығы мен гүлденуі әрқайсымызға байланысты! Баршаңызға денсаулық, жақсылық, табыс және бейбіт аспан тілеймін!
А.МҰХАМБЕТОВ,
Қостанай облысының әкімі