Тобыл өңірі өз көмірін тұтынатын болады
Қазіргі уақытта Құшмұрын кен орнында сұр тас көмір өндіру бағытындағы жұмыстар қызу жүруде. Мамандар келер жылы-ақ алғашқы өнімнің сапасы мен маңызын жергілікті жылу қазандықтарында сынап көрмек. Анығында, мұны Әулиекөл және Науырзым аудандарына жасаған іссапары барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ұсыныс етті.
Жұмыстар биыл 6-ақпанда басталған. 35 метр тереңдікте жатқан қоңыр түсті көмірге 2017 жылдың басында күрек ұшы тиеді. Әзірге, разрездің қазіргі бойлығы – 11 метр. Ал мұндағы қор көлемі, мамандардың сендіруінше, 500 млн тонна.
– Өндіріс жұмыстарына келесі жылы кірісетін боламыз. Жоспарымызша, 2019 жылы өндіріс қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға жетуі тиіс, – дейді "Қазақ көмір энергетикалық компаниясы" ЖШС директоры Нұржан Жетпісов. – Ал өнім Қостанай және өзге де жақын орналасқан облыстарды қамтамасыз етеді. Сұраныс арта жатса, географияның одан әрі кеңейе берері сөзсіз…
Басты айта кетерлігі – бұл жұмыстардың бәрі жеке қаржыландыру арқылы ғана жүзеге асып жатыр. Яғни "Тюрк Қазына" сауда-өндірістік компаниясы" ЖШС мен "Тобыл" ӘКК-ның үлесі. Алғашқы 11 жылға 34 млн доллар қарастырылған. Мұның сыртында, көмір өңдеу зауыты құрылысына тағы 11 млн доллар жұмсалмақ. Құрылыс демекші, келер жылы кірме темір жол төселеді, электр тасымалы желісі орнатылады және көмір разрезі маңынан аралық станция салынбақшы.
– Бұл жобаның ауданның ғана емес, тұтас облыстың әлеуеті үшін маңызды рөлі болмақ. Ал енді теміржол төсеу тұрғысына келгенде, айтар бір ұсыныс бар. Ақтөбе облысында рельс шығаратын зауыт барын білетін боларсың. Ойлана жүр, мен олармен келіссөзге келе аламын. Яғни ол жерден әлдеқайда арзандатылған бағаға сатып алуға мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов мәлімет беруші Н.Жетпісовке. – Кезекті бір ұсынысқа көңіл аудар. Егер көмір келер жылдың алғашқы айларында өндіріле бастаса, неге оның сапасы мен маңызын байқап көрмеске? Биылғы жылу маусымының соңғы айларына қарай жеке нысандарда пешке салып байқаңдар. Көңіл көншіп жатса, мектеп-балабақша және ауруханаларға жеткізуге болады.
Ол күннің де ауылы алыс емес. Өйткені мұнда жұмыс қауырт – жылдың 365 күні вахталық әдіспен жалғасады. Қазір 89 адам еңбек етуде. Оның 45-і – қышмұрындық, қалғандары – көршілес ауылдардан келген адамдар. Орташа жалақы – 100 мың теңге. Жұмысшылар саны алдағы уақытта да арта түспек.
Бұл маңнан соң облыс әкімі осы ауылдағы жөндеу жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарға барды. Қырман басында әуелі әулиекөлдік, кейін науырзымдық ауылшаруашылық тауар өндірушілермен кездесу өткізіп, орақ маусымы тұсындағы маңызды мәселелердің басын шалды. Қарамеңдідегі әлеуметтік ахуалмен танысып қайтты. Бұл туралы кеңірек газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.