Шағын жинақты мектеп: шешу жолдары

Жергілікті билік «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрғындарды көшіру мәселесін шешпесе, Қостанай облысындағы шағын жинақты мектептер биыл жазда жабылуы мүмкін деп хабарлады облыстық әкімдікте өткен жиында білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Білім беру орындары үшін қазіргі басты міндет – білім сапасын қамтамасыз ету, қашықтан оқыту жағдайында болмай қалмайтын олқылықтарды жою. Алайда, білім беру сапасына мектептер желісінің кепілдік берілген нормативіне сәйкес келмейтін мектептер саны да әсер етеді.
«Бұл облыстың барлық ауылдық аймақтарындағы мектептердің 97-сіне немесе 20%-ына тән. Ең көп көрсеткіш Меңдіқара ауданында –15, Әулиекөлде – 10, Алтынсарин, Қамысты және Ұзынкөл аудандарында – 9, Жанкелдинде – 8, Қарасуда – 7. Әрине, осы мәселелерді шешу кезінде барлық факторлар ескеріледі: ауылдың болашағы, контингентті ұлғайту мүмкіндігі, кадр мәселесі, педагогтердің тұруы үшін жағдай жасау. Шыны керек, оқушылардың қажетті контингенті болмаған жағдайда, мұғалімдер сәйкесінше төмен оқу жүктемесіне ие, бұл сөзсіз кадрлармен, мамандарсыз пәндерді жүргізумен байланысты проблемаларға әкеп соғады», – дейді З.Байменова.
Сондықтан, ведомство басшысының пікірінше, жергілікті атқарушы органдармен бірге қажетті жұмысты жүргізуге әлі уақыт бар.
«Осыған байланысты өңірлер әкімдерінен «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде тұрғындарды көшіру арқылы осы проблеманы шешуге көмек көрсетуді сұраймын. Егер бұл шаралар тиісті нәтиже бермесе, біз маусым айының соңына дейін мектептерді қайта құру немесе жабу туралы шешім қабылдауға мәжбүрміз», – деді ол.
Зәуре Байменова атап өткендей, өңірімізде 22 мектеп жанында интернат бар, олар қазіргі уақытта толық қуатында жұмыс істемейді, толымдылығы бар болғаны 42%. Сондай-ақ оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру үшін 139 автокөлік жұмылдырылды, оқу жылы басталғанға дейін 18 техника сатып алынған.  
Осыған байланысты, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жергілікті атқарушы органдардың алдына екі ай ішінде мектептерді нормативтерге келтіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдау міндетін қойды.
«Жабылған жағдайда балалардың тұру мәселесін толығымен шешу, оларды тасымалдауды қамтамасыз ету керек. Ол үшін жыл сайын автокөлік сатып алынуда. 186 млн теңгеге 13 дана сатып алынды. Биыл тағы да 235 млн теңгеге 18 көлік сатып алынады», – деп қорытындылады облыс әкімі.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓