Ұстаз
Ахметқали Қарпықұлы – Жанкелдин ауданындағы Сарысу ауылының тумасы. Жас кезінен қоғамдық өмірге белсене араласып, көп жылдар бойы комсомол, партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдарында абыройлы қызметтер атқарған азаматтардың бірі. Еліміз егемендік алғаннан бері де 1994 жылдан ауылдық округтің әкімі болып қызмет атқарып, туған ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. 2004 жылдары облыстық "Қостанай таңы" газетінің меншікті тілшісі болған кезінде де ол ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмір тынысын өндірте жазды.
Мектеп қабырғасынан жазу-сызуға, әдебиетке жақын болған Ахметқали Қарпық-ұлы күні бүгінге дейін қаламы қолынан түспей келеді. Бүгін біз баспасөздің жанашыры, әріптес замандасымыздың бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Редакция.
Ахметқали Қарпықұлы
Ұстаз
(Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұлағатты ұстазым Ғалымжан Бекетов рухына)
Тектілігің бек болған тумысыңнан,
Үлгі алғанмын жүрісі тұрысыңнан.
Қалайша еңбегіңіз ұмытылмақ,
Инемен құдық қазып, су ұсынған.
Қариядай жеткізетін қадап бәрін,
Бата берген адам бол, – деп қарақтарым.
Қоңыр қаздай ұшырып балапанын,
Жерде тұрып қамдаған қанаттарын.
Мейірбан шуағы бар көздеріңде,
Нәрі мол-тын сабырлы сөздеріңде.
Жымиып күліп қарсы алып,
Тұрушы едің жолыққан кездерімде.
Елжіреймін, тебіренем ала бөтен,
Ұстаз сөзі көкейде қалады екен.
Сағынғанда сіз жазған кітаптарды,
Ақтарып, сол бейнеңізді қарап өтем.
Көрінбедің көп ішінен, пірім менің,
Кімді іздедің неге жүрек дірілдедің.
Топырақ сала алмасам басыңызға,
Орнына қабыл болсын жырым менің.
Қарттарға
Кеудесі алтын сандық, қайран қартым,
Тереңнен толғай білген сөздің парқын.
Мерекеңіз бүгінгі құтты болсын,
Қуанышпен қауышқан емен жарқын.
Көңіл шіркін алып ұшып көк дөнендей,
Кейде баяу сұлу ән тербегендей.
Дұрыс сәлем, шын ықылас жетпей жатса,
Байқалады жүзіңіз шөлдегендей.
Аттамаған кісінің ала жібін,
Көп білем деп айтпайсың, даналығың.
Шаршамай-ақ келесің үйретуден,
Жақсы менен жаманның ара жігін.
Өткен ғасыр, заманның куәсіндей,
Қазына боп сақталған кіл асылдай.
Деп тілеймін қатары азаймасын,
Шіркін-ай қарттарымның дәл осындай.
Аңқылдайсың алданып немереңе,
Шаттанғанда сыймайсың кемеріңе.
Сәл нәрсеге баладай қуанатын,
Ұзақ ғұмыр, саулық берсін дендеріңе.
Қашанда қара тонға жаға болып,
Кейінгі інілерге аға болып.
Ел ажары, көркі мен ырысы боп,
Алдымызда жүріңіздер пана болып.
Адам деген жалғыз ұғым болғанымен
Жақсыларға көңіл өсіп шалқиды,
Жамандыққа жүрек аурып, шаншиды.
Адам деген жалғыз ұғым болғанымен,
Кездеседі мінез-құлық әр қилы.
Әдепті де қарапайым, сыпайы,
Адамдардың биіктейді ұпайы.
Жасандылық, өзімшілдік, күншілдік,
Ісі арам, сөзі болар тұрпайы.
Кішіпейіл, жаратылыс табиғи,
Биік қояр, басқалардан арды ылғи.
Екі жүзді, жағымпазды көрсем мен,
Көз қызарған елестетем аңды ылғи.
Жақсы мінез, таптырмайтын бұлақ қой,
Түнде жүрсең, адастырмас шырақ қой.
Шын жан ашып, көмектесер қай кезде,
Жақсылардың көлеңкесі шуақ қой.
Адал жанды айдап қайда ор болса,
Қуанады торға түсіп қор болса.
Ондайлардың несі артық аңдардан,
Екі аяқпен жүргені тек болмаса.
Қасиетті, киелі күш адамда,
Мысық тілеу, жыртқыш та бар жалғанда.
Кім болдым деп айтады екен сабазың,
Бұл фәниден, бақилыққа барғанда.
О, қазағым, біздерде бар қызбалық,
Отырамыз, көрінгенді қызғанып,
Бір-біріңді жоқ қылумен келесің,
Ұят, екен, өзгелерден озбалық.