Қостанайлық түлектерге қосылмақ
Рудный түлектері 17 жыл бойы Ұлттық бірыңғай тестілеуді Рудный индустриалдық институтында тапсырып келген еді. Биыл кеншілер қаласының талапкерлер тестілеуден Қостанай қаласында өтеді. Мәлімет бойынша, осы жылы 330 рудныйлық оқушы ҰБТ тапсырмақ.
Айта кету керек, облыста ҰБТ өтетін үш нысан белгіленді. Қостанайда білім сынағы З.Алдамжаров атындағы ҚӘТУ-де, Лисаков қаласында орта мектептердің бірінде, Арқалықта Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ-де өтеді.
Биыл ҰБТ 15 сәуір мен 30 маусым аралығында жүреді. Осы кезеңде оқушылар екі мәрте бақтарын сынай алады, яғни оларға мемлекеттік білім грантын алу үшін екі мүмкіндік берілмек. Екі нәтиженің үздігі конкурсқа жіберіледі.