Зәмзәгүл СЕЙІТҚЫЗЫ: “Әке тәлімін еш мектеп бере алмайды”

Сатира саңлағы, қабырғалы қаламгер, этнограф, ұлағатты ұстаз Сейіт Кенжеахметовтің шығармашылық әлемінен көп сыр шертуге болады. Рухани мұрасы ел-жұртына таңсық та емес. Сол себепті біз сұңғыла тұлғаның жеке өміріндегі болмыс-бітімі туралы  Зәмзәгүл Сейітқызына аз-кем сұрақ қойдық.       
– Сейіт ағайдың шығармашылық тұлғасы көпшілікке аян. Сондықтан біз сізден ол кісінің әкелік келбеті жайында сұрағымыз келеді. Балаларының бойына қандай өнеге-үлгісін, тәрбие-тағылымын сіңіре алды?
– Ел танып, жұрт сыйлаған әкеміз туралы толғанбай айту мүмкін емес. Әкеміздің ұмытылмас ұлағаты, тегеурінді тәлімі, биік парасаты, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігі өзгелерден биік болатын. Әркімнің осылай айтатыны белгілі ғой… Дегенмен, біз өсіп, ержеткен уақытта орысша оқыту, орысша тәрбиелеу кезеңі болғанмен, алты баласының бәрін қазақ мектебіне берді, ұлттық болмысымызды отбасында қалыптастырды. Бала кезімізден «обал болады, ұят болады, жаман боладымен» өстік. «Жеп тоймаған жалап тоймайды» деген аталы сөз бар, салт-дәстүр, ұлттық мәдениетті оқып емес, уызына қанып, өнеге алып өстік, ауылдың алтын тамырынан қиылған жоқпыз. Егер сол уақытта орыс мектебіне бергенде, мүмкін біз әкеміздің шығармаларының бәз біреулер секілді аудармасын ғана оқып отырар ма едік?! Ана тіліміздің сұлулығы мен саздылығын, терең мағынасы мен астарын тануды, әзілдесе білуді, сөз тыңдауды әкемізден үйрендік. Бала кезімде «әкенің барлығы менің әкем сияқты болады» деп ойлайтынмын.
Ұлағатты ұстаз дедіңіз, Торғайда кезінде Ыбырай мектеп ашса, әкем Арқалықта жеке мектеп ашты. Ол мектепте «Қазақтың оқытылмаған тарихы», «Қазақтың салт-дәстүрлері», араб, латын тілдерін оқыту пәндерін оқыттық. Әкем, інім және мен сабақ бердік.
Әке келбеті естен кетпейтіні анық. Тұла бойы тұнған өнеге болатын: әжемді (анасы Сәлиманы) әз тұтуы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, киім киісі, мейірімі, тазалығы, ұқыптылығы, ешқашан жалған, ғайбат сөз айтпайтыны, бір сөзбен айтқанда, нағыз Әке мен Атаға лайық болмысымен дараланатын. Жазуы көркем, тасқа басқандай болатын. Жат әдеттерден ада, жаман сөз айту, біреуді күстәлаудан аулақ болды. Біз отбасында жанжалдың не екенін білмейтінбіз, інілерім күні бүгінге дейін бір-бірімен ешқашан қатты сөзге келіп көрген емес, әкемнен алған өнегелері деп білемін. Әкемізге мәңгілікке қарыздармыз. Сасқанда сүйеу, талғанда тіреу болатын әкеден қадірлі, құдіретті жан жоқ. Әкеміз тек біздің ғана емес, артында өшпес із қалдырған Ұлттың әкесі дер едім. Әкенің берген тәлімі мен өнегесін еш мектеп бере алмайды. Қиындықты қайыспай көтеруді, қайсар рухты болуды үйреткен әкем еді…
– Қанша ағайындысыздар? Сейіт ағайдың қазіргі таңда неше немере-шөбересі бар? Қазіргі таңда Қазақстанның қай өңірлерінде тұрады?
– Біз алты ағайындымыз, менен үлкен тәтем және менен кіші төрт інім бар. Екі қызынан алты жиені, ер балаларынан он үш немере, он үш немереден жеті шөбересі бар. Әкем мен анам – көздерінің тірісінде шөберелерінің алақанынан су ішіп, қызығын көрген жандар.
Қазіргі таңда  мен және үш інім Нұр-Сұлтан қаласындамыз, менен үлкен апам Арқалық қаласында, бір ер баласы Көкшетаудың Щучинскісінде тұрып жатыр. Еліміздің көркеюіне үлесімізді қосып, әр салада жемісті еңбек етіп келеміз.
– Әкенің немесе атаның жолын қуып, шығармашылыққа бой алдырған ұрпағы бар ма?
– Сатира жағынан ешкім жоқ. Әке жолын педагогика тұрғынан жалғастырып келе жатқан ер баласы бар. Менің республика көлемінде таратуға рұқсат берілген ұлттық тәрбиеге байланысты 1-11-сынып оқушыларына арналған «Жеті қазына» авторлық бағдарламам бар, атауын  әкемнің кітабының атымен айдарладым. Осы Қостанай қаласында пайдаланып жүрген мектептер болуы тиіс. Әкеміздің еңбегінің негізінде құрылған тәрбие бағдарламасы.
Әкеміз екеуміз рухани, шығармашылық жағынан өте жақын болдық. Барлық этнографиялық еңбектерін орыс тіліне аудардым. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабы алғаш рет үш тілде жарық көргенде әкемнің үйге алып келіп: «Білесің бе, Зәңгәлә (мені еркелетіп осылай атайтын), әкелі-балалы жазған кітап бірер ғана. Мына кітап екеуміздің еңбегіміз!» – дегенде даусында марқаю, ризашылық, еркелету, мәртебемді көтеру, қуаныш табы болды. Мен сол жолы қатты толқыған едім. Әрине, басқа да ірі тұлғалардың  аударламаларын жасадым, бірақ әкенің ойынан шығу, сенімін ақтау, біріге отырып шығармашылықпен айналысу мен үшін өмірімнің ерекше мезеті екен. Әкемнен кейін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атандым, әкемнің үлгісі деп білемін.
– Таяу күндері Тобыл қаласында "Мірдің оғы" республикалық фестивалі елдің әр түкпірінен әзіл-сықақ театрларын жинағалы отыр. Есте қаларлық кеш өтеді деген үміттеміз. Жалпы, сұрағымыз келгені, ең алғашқы фестиваль қалай өтіп еді?
– Иә, "Мірдің оғы" республикалық фестивалі өткелі отыр. Ең алғашқы фестиваль осыдан екі жыл бұрын әкеміз ұзақ жылдар бойы тұрып, қызмет еткен Арқалық қаласында өтті. Оны Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлы Қалмақов ұйымдастырды, қазылар алқасының төрағасы белгілі сатирик, әкемнің көзкөрген ізбасары, бірдің бірегейі Көпен аға Әмірбек болды. Жергілікті халық көрермен ретінде өте көп жиналды, театрлар да жақсы дайындықпен келген екен. Ақтөбенің «Екі езу» театры езу жидырмай, облысымыздың аудандарынан келген театрлар да олардан қалыспай, сахна төрінде әкеміздің шығармаларын орындауда шеберліктерін көрсете алды, өзара іс-тәжірибе алмасты, танысты, байланыс орнатты. Екі күнге ұласқан фестивальдің бір мақсаты әкемізді еске алу болса, екінші жағынан кенже қалып бара жатқан сатира жанрын жандандыру көзделді.
Қостанай облысы әкімдігіне,  Мәдениет басқармасына, оның қызметкерлеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
-Әкеңіздің рухани мұрасын, шығармашылық еңбектерін насихаттау мақсатында басқа қандай елеулі шаралар жасалды, сондай-ақ осы бағытта қандай жоспарлар бар?
– Ауыз толтырып айтатын шаралардың бірі – Қостанай және Арқалық қалаларында әкеміз тұрған үйлер қабырғасына ескерткіш тақталар орнатылғаны. Әкемнің Қостанай қаласында тұрған үйінде тақта орнатуды журналист, жазушы ағамыз Оразалы Жақсанов көтеріп, жүзеге асырған еді. Қазір ол кісі біз қоныс еткен сол пәтерде тұрып жатыр. Ал  болашақта аталған  "Мірдің оғы" фестивалі Қазақстанның "Юрмаласына" айналса деген арманымыз бар. Оны Көпен аға да қуана қолдап, атсалысуға дайын отыр.
Рахмет!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓