Мереке қарсаңында қостанайлық полицейлер марапатталды
Бүгін Қостанай облысының Полиция департаментінде «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесіне орайластырылған мерекелік салтанатты жиын өтті. Қостанай облысы ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Қайрат Дюсембеков халықтың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің құндылықтарын қорғау жолында еңбегімен ерекшеленген тәртіп сақшыларын құттықтады.
-1 желтоқсан – еліміздің Тұңғыш Президенті күні 2011 жылдан бері аталып өтіп келеді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстанды еркін, демократиялық, егеменді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындады, – деді ол.
Мұнан кейін еліміздің Әнұраны ойналды.
Салтанатты іс-шарада қызметінде үздік нәтиже көрсеткен тәртіп сақшылары ҚР Ішкі істер министрлігінің және Департамент басшылығының дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ бір топ азаматтың шені өсті.
Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері қонақ ретінде шақырылды.
Рамил Гусейнов ішкі істер органдарында 1998 жылдан бері еңбек етеді. Облыстық полиция департаментінде он бес жыл тергеуші, Қостанай ауданында алты жылдай кезекші бөлімде еңбек еткен ол қазір Қостанай облысы ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы болып қызмет етеді. Ол «Қоғамдық тәртіпті қорғауға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
– Рухы көтеретін мұндай шаралар көп болса екен. Ішкі істер органдарының ардагерлерінің келіп құттықтауы бізді қуантады. Ішкі істер органына енді ғана қызметке тұрған жастарға сәттілік тілеймін, – дейді Рамил Гусейнов.
Салтанатты шара соңында Тұңғыш Президенттің өмір жолы туралы көрме таныстырылды.