Тың деректер сыры

1922 жылы желтоқсан айының басында сол кездегі республика астанасы – Ташкент қаласында "Талап" атты қауым құрылды. Қауымның мақсаты – қазақ халқының әдеби тілін, ғылыми атауларын (терминология), емлесін, ұлттық өнерді, тарихын, салт-дәстүрін, оқу-білімін зерттеп, зерделеп, алға басуын қадағалау, ұлт қызметкерлері мен өнер қайраткерлеріне көмек көрсету, бұл істерді жүзеге асыру үшін дәріс оқу, баяндамалар жасау, көрмелер ашу, баспасөзге жазу, кітап, қолжазба, өнер үлгілерін жинау, білім, өнер жөніндегі еңбектерді жарысқа, сынға салып, бәйге тігіп, жүлде беру, халық ағарту жолында мамандар, шеберлер, курстар ашу, аудармашылар, әріп терушілер дайындау болатын.
1923 жылдың 29 наурызында "Ақ жол" газеті "Талап" қауымында соңғы өткен екі жұмада екі лекция болып өтті, – деп жазды. – Бұның бірі Мырзағазының баяндамасы – "Алтынсариннің өмірі һәм істеген істерінің жайынан", екінші лекция Мағжандікі – "Абай өлеңдері туралы".
Мырзағазы Есболов – "Талап" ұйымының басқарма мүшесі болса, Мағжан Жұмабаев осы қауымның Жарғысын (Уставын) жазушылардың бірі еді.
"Баяндамашылардың екеуі де алған мәселелерін жете тексеріп, толық мағлұмат жинағандықтан, жиылған жұртқа ескі қазақ заманының екі ардақты адамы – Алтынсарин мен Абай жайынан бірталай жаңа сөздерді айтып берді.
Мұнан кейін газет редакциясы баяндамалардың мазмұнына аз-кем кідіріп, дәрісшілердің сүбелі ойларын келтірді. Мәселен, Мырзағазы тыңдаушылар Ыбырайды толық білмейтінін ескеріп, өмірі мен шығармаларынан толық құлақтанды етеді, "әр жерде жыбырлап сөйлеп, Алтынсаринді орысты көбейтушінің бірі болды деп миссионерлерге таңып жүрген жаладан басын арашалап алады" да, қаңқу сөзді Ыбырайдың сын садағына ілінген татар молдалары таратқанын айтады ("Ыбырай қазақ үшін Еуропа мәдениеті керек десе, түсінгендіктен, ел ішінде дін тарат деп мал жиып жүрген татар молдаларына қарсы болған, көбін өзі жүрген жерлерінен қуғызған. Сондықтан молдалар ішінен жауы көбейіп, жаманатқа солар ұрындырған")".
М.Есболов баяндамасы Мұхтар Әуезовтің 1922 жылы жазған "Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жыл, 48 жас)" деп аталатын көлемді мақаласымен үндес. Заңғар жазушы, ғалым Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығына, ағартушылық қызметіне тоқталып, жоғары, әділ бағасын берген. Ұлы ағартушыға таңылған өсек-аяңның жалғандығын дәлелдеп, Ыбырайдың қоғамдағы, әдебиеттегі алатын орнын дәлелдеп, нақты көрсеткен.
Мырзағазы Есболов – Ыбырай Алтынсариннің ұлы ағартушы екендігін айтып, "шоқынды" деген алып-қашпа сөзден қорғаған М.Әуезовтен кейінгі екінші тұлға.
Мырзағазы 1891 жылы Қостанай уезі Аманқарағай болысының № 4 ауылында туған. Алғаш ауыл молдасынан хат танып, кейін мұғалімдер мектебін бітіреді. "Алаш" қозғалысының қайраткері. "Қазақ" газетімен тығыз байланыста болып, мақалалар жазып тұрған. Петерборда шығып тұрған "Мусульманская газетінің" тілшісі болған.
1949 жылы Ілияс Омаров Қостанайға келіп, партия активін өткізеді. Қостанай облыстық "Большевиктік жол" газетінде қызмет істеп жүрген ақын Сырбай Мәуленов мейманханаға барып, сәлем беріп, Ілиясты үйіне қонаққа шықырады. Ол кісі:
– Осында Жамал Омарова гастрольде жүр. Сен солармен бірге бізді Ыбырай Алтынсариннің қабіріне апар. Сосын көре жатармыз, – дейді.
Тобыл өзенінен өтіп бара жатқанда Ілияс:
– Осында оқып жүргенде қайран Тобылға көп шомылдық қой. Тобыл Обьқа қосылады. Обь Солтүстік Мұзды мұхитына құяды. Сол сияқты Ыбырай да кезінде орыс мәдениетіне қосылып, үлкен теңізге құюға ұмтылған еді ғой, – дейді. Жолшыбай ол инспектор көліне шомылып, Жамалға тұңғиық гүл сыйлайды. Ыбырай қабірінің халін көріп, Ілекеңнің көңілі құлазиды.
Кешкілік партия активінің жиналысында жасаған баяндамасының аяғында "Атақты жерлестеріңнің, ұлы ағартушының қабірінің жағдайы қабырғаларыңа қалай батпайды?! Бұл жөнінде басқа халықтардың ертеден келе жатқан үрдіс үлгілері бар емес пе?" – дейді.
Ыбырай қабірінің басын жөндеу қайда, керісінше 1884 жылы ұлы ұстаздың өзі қабырғасын қалаған мектебін әкімшілік 1969 жылы облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы А.М.Бородиннің "Қала орталығының көркін кетіріп тұр" деген сөзінің желеуімен құлатып тынды.
Сексен бес жыл бойы балаларды біліммен сусындатқан мектеп сөйтіп бір күнде жер бетінен жоқ болды. Бұл мектепте Әліби Жанкелдин, Бекет Өтетілеуов, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Елубай Өмірзақов, Серәлі (Серке) Қожамқұлов, Ілияс Омаров, Темірбай Дарқанбев, Бейімбет Майлин, Қапан Бадыров, Әмір Қанафин, т.б. бүкіл елімізге танымал айтулы тұлғалар оқып білім алған.
Шынымен-ақ "қаланың көркін бұзып тұр" ма еді бұл мектеп?! 1991 жылдары Қостанай қаласының бас архитекторы қызметін атқарған Қажымұрат Күшіков: "Ол өте берік салынған архитектуралық әдемі кешен еді, – депті "Қостанай таңы" газетінің тілшісіне берген жауабында. –Тіпті ең болмағанда сол бір қабат мектепті қозғамай-ақ, оның үстіне бірнеше қабат өруге әбден жарар еді. Сонда тарихи ескерткішті де сақтап қалар едік, мектептің өзі де жаңарар еді".
Туған халқының салт-дәстүрін, ұлт қамын ойлаған ұлы тұлғаларын, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін біліп, оны қадір тұтатын басшылық болуы – ел мерейін асырары сөзсіз.
Ілияс Омаровтың Ыбырай бейітін жөндеу жөніндегі жанашырлық ой-пікірі тек 1991 жылы Кенжебек Укин облыс әкімі болып тұрған тұста ғана жүзеге асты. 1991 жылы мектептің қасынан төбесіне күмбез орнатып, шығыс үлгісінде сәнді де еңселі етіп салынған ғимарат бой көтерді. Ұлы ұстаздың бұл мемориалдық музей Үйі бұл күнде жастардың тәлім-тәрбие алар ошағына айналған. Қостанайға келген қонақтар да мұнда соқпай кетпейді.
Қостанай қаласынан 7 шақырым қашықтағы Тобыл өзені жағалауындағы Ыбырай бейітінің басына кесене тұрғызылды. "Ақбейіт" деп аталатын бұл жер ақ қайың мен жасыл шырша аралас өскен аясы кең шалғынды мекен еді, енді саябаққа айналды.
Кезінде Балғожа биге тастан қалап зәулім биік ақ күмбезді там салыпты. Сол там мұнарасы күнмен шағылысып алыстан көзге шалынады екен. Сондықтан да Ыбырай ата-бабалары жерленген бұл жер "Ақбейіт" аталып кеткен. Кейін тың көтерілген жылдары біреулер кесенені бұзып, тасын алып, үйлердің іргетасына пайдаланыпты. Сондықтан да болар жер атауы ұмытылып, біреу білсе, біреу біле бермейді.
Ілияс Омаровтың туғанына 80 жыл толу мерекесіне орай: "Бір жақ шеті Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, бір жағы Торғай, Жезқазған, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, шығыста Алтай, солтүстікте Қызылжар болып, Қостанайға құйылған халық өкілдерінде қисап жоқ, – деп жазады ақын Ғафу Қайырбеков. – Оның үстіне бір ұшаққа тиеліп астанадан 40 адам біз бардық. Ілекеңнің әулеті – екі ұлы – Диас, Темір, екі қызы – Энгельсина мен Альмира, туған немерелері, қарындас қандастары – 15 адам".
Келген қонақтардың бәрі алғаш Тобыл өзенінің арғы жағалауындағы "Инспектор көліне", Ыбекең мазарына барып, гүл дестелерін қойды. Төртінші қарашада Ыбырай Алтынсарин ескерткіші тұрған алаңға жиналды. Қасындағы Ілияс оқыған мектеп қабырғасына мемориал-тақта орнатылды. Ілекеңнің қызы – Энгельсина сөз алды. "Ол өздері тұңғыш рет келіп тұрған ата-баба мекені, әке Отанына ұрпақтары атынан сәлем беріп, көңіл толқытар сағыныш сөздерін айтты. Келген қонақтар Ы.Алтынсарин музейін аралады".
Ұлы ағартушының өз қолымен іргесін қалаған мектебі қайтадан бой көтермесе, Ілияс ұрпақтарының да еңсесі түсіп, жандары жабырқап қайтар еді…
Уақыт өте Ыбырай кесенесі де тозып, төбесінен тамшы ағып бүліне бастаған. Осыны ескерген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 2017 жылы 4 қазанда ұлы ұстаз кесенесін қайта жөндетіп, іші-сыртын Маңғыстаудың ұлу тасымен көмкертті. Енді кесене ғана емес, ұлы ағартушының кесене-кешеніне айналды. Оған апаратын жолдар да асфальттанып, айналасына тас төселді. Мәрмәр тасқа Ыбырай ашқан мектептердің картасы ойылып түсірілсе, кешенге кірер есікке биік қақпа орнатылып, үстіне "Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық кешені" деп жазылды. Ыбырай бейітінің есігі алдына қара гранит тас қойылған. Бұл Балғожа биге қойылған белгі. Ыбырай әкесі Алтынсары да осы жерге жерленген.
Кесененің дәл алдындағы кіреберістегі оң жақтағы мәрмәр тасқа "Бір Құдайға сыйынып, кел балалар, оқылық" өлеңі жазылса, сол қапталындағы тастан президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстандағы халық ағарту ісінің тұнғыш абызы – Ыбырай Алтынсарин. Ол дәуір әрбір түркі үшін барып тұрған жарық жұлдыздар болып табылатын көрнекті ағартушылардың тұтас бір тобын тарих сахнасына шығарды. Олар халықтың сауатын ашып, сана-сезімін арттыруды өздерінің негізгі міндеті санады" деген сөзін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқи аласыздар. Кесене аумағы – 64 шаршы метр, биіктігі – 18 метр, күмбезінің биіктігі – 6 метр.
Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Есімде әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.
 
Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым.
Жүрек тербеп, жаныңа жылылық үялататын бұл әсем сазды әнді білмейтін қазақ жоқ шығар?! Балалық балғын шағыңа көз жүгірткізіп, алғашқы мүғаліміңді еске түсіреді. Арманға толы ақ адал күндеріңді аңсатып, ұлағатты ұстаздарыңды сағынтады.
1960 жылы Алматыда өтетін мұғалімдердің Республикалық конференциясына орай ұстаздар жайында жаңа ән керек болады. Сонда белгілі әнші Жамал Омарова: "Бұл әнді тек Әбілахат Еспаев қана жаза алады" депті.
 Әбілахат (Ғәбділахат) Еспаев 1925 жылы 25 қарашада қазіргі Қостанай облысында Тобыл өзені жағасына орналасқан № 2 ауылда туған. Көп болып кеңесе келе ән шығару Әбілахатқа тапсырылады. Бабасы Ыбырай Алтынсарин ұлы ұстаз болса, әкесі Смағұл да, нағашы атасы Садуақас та, өзі де, жанжары Назым да (ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген) ұстаз. Әбекең Ыбырай еңбектеріне тағы да бір көз жүгіртіп өтеді. Сол сәтте Балғожа бидің оқудағы баласына жазған хаты көзіне оттай басылады. Әсіресе, өлеңнің соңғы шумағы қатты әсер етеді:
Шырағым, мұнда жүрсең нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің?! – деп, ыңылдап отырғанда әсем саз өзінен-өзі құйылып, әдемі ән дүниеге келеді.
Жалма-жан өлең шумағын қағазға көшіріп, ақын Аманжол Шамкеновке осы өлең жолдарымен ұстаздарға арналған әннің мәтінін жазу керектігін айтады. Аманжол да кешіктірмей өлеңін жазып, ән бір күнде дүниеге келеді. Шамкеновтің ән мәтінін "Балғожа бидің оқудағы баласына жазған хатының" ізімен жазғанын "Зердемді сен ашпасаң нетер едім, өмірден сыбағасыз өтер едім" деген жолдарынан да аңғару қиын емес. Қайырмасы екеуі кездескен сәтте жазылады. Міне, содан бері қаншама жыл өтті, әлі күнге дейін сахнадан түспей, халықтың сүйіп айтатын әніне айналды.
2"]
Серікбай Оспанұлы,
ақын, А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай өңірлік университетінің профессоры.
СУРЕТТЕ: Ыбырай Алтынсариннің немере туысы Смағұл ұлы Әбілахатпен бірге.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓